Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылы халыққа жолдаған Жолдауында бала құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет дегенін баршамызда білеміз.
Әсіресе, балалардың болашағы нұрлы болсын десек оларды мектепте, көшеде т.б. орындарда, өз отбасында қауіпсіз болуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Қауіп-қатер, оқиғалар, әсіресе пандемия кездерінде жиі орын алғаны да статистикада мәлім болды, онда әйелдер мен қыздар, балалар мен жасөспірімдер тіпті ер адамдардың зорлықшылдың құрбандары болғандығы туралы оқиғалары тіркелген. Сондықтан да бұл мәселелер айтылмаса, оның алдын алу шаралары жасалмаса бұл да бір қоғамның қасіреті, жазылмас індет болуы әбден мүмкін», - дейді сот қызметкерлері және психолог-мамандар.
Осы мәселенің алдын алу мақсатында «Шыңғырлау әйелдері» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отбасындағы құқық бұзушылықтар - қоғам қасіреті және оның алдын алу шаралары» атты семинар өтті. Семинарға облыс орталығынан арнайы келген мамандар қатысып, жоғарыда айтылғандай құқық бұзушылықтардың алдын алу және мұндай мәселелерді шешу жолдары талқыланды.
Семинар жұмысына аудан орталығындағы мектептердің, колледждің психологтары, мектептердің әлеуметтік педагогтары, медиаторлар, аналар кеңесінің мүшелері, денсаулық сақтау және құқық, білім беру, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің өкілдері қатысты. Шарада Орал қаласындағы отбасылық зорлық зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүніс, аудандық сот төрайымы Әсел Маженова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Жоламанова баяндама жасады.
Басқосуда түрлі психологиялық жағдайлармен қоса, облыстық Отбасы орталығының психологі Индира Шүкірбаева тренингтер өткізіп, психологтардың жұмыстарына жаңаша бағыт-бағдар беріп, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар соңында қиын отбасыларды қабылдап, жұмыс жүргізді. Ауданымыздағы медиаторлар атынан сөз алған Сағынғали Имашев, Шыңғырлау колледжінің педагог-психологы Халида Жұмағұлова өздері атқарған жұмыстарын ортаға салды.
«Зайырлы мемлекетте өмір сүргендіктен, ондағы жанұялардың баршасы да бақытты болуға лайық, демек әрбір жанұяның еш кикілжіңсіз, ешбір зорлық-зомбылықсыз тұрмыс кешуіне бар мүмкіндік туғызылуы тиіс. Оған өзімізде, айналамыздағы адамдар да үлкен жауапкершілікпен қараулары міндетті», деп ой түйді семинарға қатысушылар.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы