Бәйтерек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылығы жаттығу жасауды ғана емес, оқушылардың өзге де қырын дамытуға күш салады. Әсіресе, аға буын спортшылары мен жастардың арасындағы байланысты нығайтуға спорт мектебі үлкен мән береді. Түрлі кездесулер ұйымдастырып, спорт ардагерлеріне құрмет көрсетуді де ұмытпайды.
Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Спорт күніне орай мектеп оқушылары желаяқ ардагер спортшы Иван Юнусовпен кездесті.
Еркін форматта оздырылған шара барысында спорт ардагері өмірі туралы әңгімелеп, балалардың қойған сұрақтарына жауап берді. Негізінен аудан спортының өткені, мықты спортшылар туралы әңгіме өрбіткен Иван Леонидович шеберлік сағатын да өткізді.
Ауданға аты мәшһүр спортшымен кездескен оқушылар ерекше әсер алды. Әсіресе, оның шеберлік сағаты қызықты болды.
- Аға буынмен жас ұрпақ арасындағы байланысты үзбеген абзал. Өмірін спортқа арнаған ардагерлердің берері мол. Олардың жеткен жетістіктері мен еңбек жолы балаларға қызық. Сол себепті мұндай шараларды әлі де жалғастырамыз, - дейді аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айдос Қарсақов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz