19.03.2024, 17:30
Оқылды: 179

Ардагер ұстаз Үзілдік Елеубайқызының кеші өтті

Ән мен жырдың дестесі төгілген керемет кештің әсері оған қатысқан көптің есінде ұзақ сақталары анық.

IMG-20240320-WA0117

Ақжайық ауданында мәдени-демалыс орталығында ақын, ардагер ұстаз, жұбантанушы, Ақжайық ауданының Құрметті азаматы Үзілдік Елеубайқызының 70 жасына орайластырылып өткен «Бозторғаймен бірге оянған ару-жары» атты керемет кеште ұлтжандылықтың, өршілдіктің, өлеңге ерек ынтызарлық тағы бір ерекше көрініс тапты.

IMG_9226

«Тағы бір...» деп отырғанымыз, Жұбан туған топырақтан түлеген Үзілдікпен облыс орталығында да жырсүйер қауым үшін олжа салған мұндай жүздесу осыған дейін өтіп еді. Әлбетте, халқы сүйген осындай жандармен әр дидарласудың жөні бөлек.
Ардақты жанның өмір-өнегесі, жырлары ұлықталған шарада көрермен сілтідей тынып, «Бозторғайымын даламның» кітабының тұсаукесерінде авторға ду қол шапалақтап, айрықша ілтипатын білдірді. Кештің тізгінін қолына алған өз түлегіміз, тележурналист Біржан Қухаевтың да көрерменді сырлы сөзбен баурап алып, мерейгермен сырласа, сұхбаттасқаны да көптің көңілінен шықты.

IMG_9317

Мәдени-демалыс орталығының фойесіне кіргеннен-ақ, Ү.Елеубайқызының шығармашылық әлеміне күмп етіп сүңгігендей әсерде қалды келген жан. Мерзімді басылымдарда ақынның өзі жазған, ол туралы жазылған мақалалардан, кітаптардан кітап көрмесінің сөрелері майысып тұр-ау, шіркін!
Ал сонымен ел мақтаған, жұрт жақтаған шараның өзіне де кезек берейік. Бұл кешке Ақжайық ауданының әкімі Мұрат Сердалин, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, Жұбан елінің түлегі, астаналық журналист-жазушы Жадыра Шамұратова, Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов, «Ел және мұғалім» газетінің редакторы Жанбол Ғалиев, өзгелер де қатысты.

InShot_20240320_144540795
Алдымен жұбантанушы ақын халқымен амандасып, жыр кештерінің жер-жерде өтіп жатқанын, бірақ туған жердің төсінде жерлес-сырластарымен жүздесу ерекше ыстық, жөні бөлек екенін тебірене әңгімеледі. Расында да, ыстық ықыласқа, шынайы құрмет пен ізет төгілген шарада ақжайықтықтардың ақынымен мақтанып, марқаятыны анық байқалды. Бұлай болуы да орынды, себебі Жұбан туған киелі мекенді ардақтап, ақиық ақынның шығармашылығын насихаттаған жан ретінде Үзілдік Елеубайқызы қандай құрметке де лайық.
Сайқұдық ауылында талай шәкірт тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырған Үзілдік Елеубайқызын мерейі үстем ұстаз ретінде танимыз. Оның талай таланттың томағасын сыпырып, әдебиетке сүйіспеншілігін оятқан еңбегін шәкірттері әлі күнге зор ілтипатпен айтады. Жұбантанушы ретінде де әдебиетке қарымды олжа салғаны, сол арқылы даңқты жерлесімізден қалған рухани мұраны көздің қарашығындай сақтап, ұрпақ жадында жаңғыруына бірден-бір бастамашы болғаны үшін ардақты жанға туған жері өлшеусіз қарыздар. Осы жөнінде Ү.Елеубайқызының шығармашылығы, еңбек жолына шолу жасаған ұстаз, «Үздік педагог», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Әсел Ерментаева айтып берді.

IMG_9207

Үзілдік Елеубайқызы да аты аңызға айналған ақын Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, шағын ғана Сайқұдықтан түлеп ұшқан өзге де өнер адамдары туралы, жұбантанудың негізін қалаудағы мақсаты жөнінде сыр ақтарып, әдебиет әлеміне ұмтылған бүгінгі буынға өзінің ақыл-кеңесін айтты.

IMG_9313

Сахнадан Г.Шөкеева, облыстық тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының бөлім басшысы Светлана Ғаниева, облыстық білім басқармасының білімді дамыту орталығының директоры Гүлмира Құбашева, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиевалар Ақжайықтың ардақты ақынының ұстаздық, қайраткерлік қырын ашып, құттықтауларын арнады.

IMG_9309

Сахнаға көтерілген еңбек ардагері Сағынтай Бисенғалиев, ақынның шәкірті Жадыра Шамұратова сайқұдықтық ақынның туған жерге шексіз махаббаты, аналық мейірімі турасында сөз саптады.
Шарада Ү.Елеубайқызының кезекті «Бозторғайымын даланың» кітабының лентасын Гүлжанар Болатқызы мен Мақсот Бергенов қиды. М.Бергенов Ақжайық ақынына «Халық құрметі» төсбелгісін табыстаса, «Ауыл» партиясы атынан М.Әнесов ақшалай сертификат табыстады. Еңбек ардагерлері Жанат Сағынаев, Дәулетжан Жақсыбаев, Шәмшия Жиенбаева жерлесіміздің ауданның өркендеуіне сіңірген қызметі мен еңбегін, Ақжайық асылдарының мол мұрасын жинақтап, қазіргі ұрпақ үшін сақтай біле алғандығы жайында айтып берді.

InShot_20240319_171333571

Үзілдік Елеубайқызы ауыл-елдің аманатын арқалап, сонау жылдары аудандық мәслихаттың депутаты ретінде ауданның дамуына қарымды үлес қосты. Сол жылдары өзі сайланған Есенсай мен Қурайлысай ауылдық округтерінде халықтың әлеуметтік мәселелерінің түйінінің тарқауына адал қызмет етті. Осы еңбегі жөнінде айтқан Қурайлысай ауылдық округінің әкімі Орынбек Жапашев пен Есенсай ауылдық округінің әкімі Парасат Тасқалиев жерлесіміздің ел үшін жасаған жақсылықтарын тізбектей келіп, мерейлі жасымен құттықтап, сый-құрметін тапсырды.
Туған жердің төрінде тойын атап өткен ақынға жерлестерінің ыстық ықыласын аудан әкімі Мұрат Сердалин жеткізді.
– Ақжайық жұрты өзіңізді руханияттың жанашыры, нағыз еңбекқор адам ретінде бе құрметтейді. Сіздің шынайылығыңыз, қарапайымдылығыңыз, елгезек көңіліңіз, туған жерге перзенттік ілтипатыңыз да азаматтық келбетіңізді айғақтайды. Осы үшін Сізге барша жерлестеріңіздің атынан зор алғысымды арнаймын және мерейлі жасыңызбен шын жүректен құттықтап, абыройыңыздың арта беруін тілеймін! Отанымыздың игілігі үшін биік рух, еңбегіңіздің еселі жемісін аямайтыныңызға Жұбан елі куәгер. Қуаныштарға, сәттіліктерге, абыройға кенеліңіз! – деген аудан әкімі ақынның иығына камзол жауып, ат мінгізді.
Жайық өңірінде Үзілдік Елеубайқызының жырларын әнге қоспаған сазгер кемде-кем. Соның бір айғағы – бұл кеште «Дарабоз бір бәйтерек», «Сазсырнай әні», «Анашым – қамқорым» әндерін ақжайықтық өнерпаздар Қамал Орынбаев, Инабат Қуанғалиев, Әнуар мен Венера Нұрғалиевтер шырқады. Кітапханашылар Әнуар Қайыржанов, Алмагүл Мақатова, Ерке Бақтиярова, Тұрсынай Сейтжанова ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Құшағы гүлге толған ұстаз-ақын кездесуді ұйымдастырған баршаға жүрекжарды алғысын арнап, халқына тілегін өлең жолдарымен түйіндеді.

Әлия Шарапиева,
фотоға түсірген Нұрбек Ихсан,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz

 IMG-20240320-WA0123  IMG-20240320-WA0118

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале