Ақжайық аудандық білім бөлімі және аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы қайырымдылық айлығы аясында ардагер ұстаздардың басын қосты. Бұл жүздесуде білім саласында еңбегі ұшан-теңіз аға-апаларды аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев құттықтап, сөз сөйледі.
Ол ардагерлермен емен-жарқын сұхбаттасып, ортақ тірлікке қатысты пікірлерін тыңдады. Қоғамның рухани сәулеткері болып табылатын мұғалімдердің ерекше орны, бүгінгі білім саласындағы өзгерістер, осыған алдыңғы толқын өкілдерінің айтар ақыл-кеңесі, бағыт-бағдары керек екенін Т.Александрұлы басым атап өтті.
Сонымен қатар ол меймандарды ауданның экономикалық-әлеуметтік тыныс-тірлігімен таныстырды. Жұрт болып жұмыла орындайтын істерге, жас ұрпақ тәрбиесіне еңбек ардагерлерінің ықпалы сөзсіз қажет. Жиналғандар осы орайдағы өздерінің пайымдарымен бөлісті.
Осында білім бөлімінің басшысы Біржан Сабыров, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Максим Үмбетәлиев байырғы әріптестерімен байланысты тереңдету жайын әңгімеледі. Ардагер-педагогтар кездескен қиындықтарды бірлесіп жеңген еңбек жолдарынан естеліктер айтып, бүгінгі білім саласындағы жетістіктерді баянды етуге тілектерін арнады.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz