Бүгін ұзақ жылдар ұстаздық қызмет жасап, зейнетке шыққан ардагер, Сырым ауданының Құрметті азаматы Гүлбақша Ерғалиева мерейлі 70 жасқа толуына орай аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауында болды.
- Елдің ертеңі шәкірт тәрбиелеуде еңбегіңіз орасан зор. Ұстаздық қызметтен зейнетке шықсаңыз да ауданның қоғамдық өмірінен қол үзбей аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, аудандық аналар кеңесінің төрайымы лауазымдарын абыроймен атқарып келесіз. Мерейлі жасыңызбен құттықтай отыра, басыңызға амандық, деніңізге саулық тілеймін!,- деді өз сөзінде Төлеген Серікқалиұлы.
Аудан әкімі Г.Ерғалиеваға құрмет көрсетіп, шархат пен иығына қамзол жапты.
Гүлбақша Халиахметқызын құттықтап, ардагер ұстаз Ким Федянин арнайы келіп, әріптес болған жылдарындағы әдемі естеліктерімен бөлісті.
Ауданның қыз-келіншектерінен әпкелік, аналық ақылын аямайтын мерейтой иесіне облыстық қоғамдық даму басқармасы “Қоғамдық келісім” КММ басшысы М.Қамбетов пен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы аналар кеңесінің төрайымы Ш.Құрманалина атынан және де аудандық “Сырым жауһарлары” қоғамдық бірлестігі атынан құттықтау хаттар мен естелік сыйлықтарды табыс етілді.
Одан бөлек, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет ұжым атынан құттықтаса, қоғамдық өмірдегі әріптестері Талғат Дарғожиев пен Ғанимат Нұрмұханов та мерейтой иесіне ақжарма тілектерін айтты.
Сөз соңында ардагер ұстаз құрметтеп, лебіздерін білдірген аудан әкіміне, әріптестеріне алғаусыз алғысын жаудырды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz