24.04.2018, 12:12
Оқылды: 150

Жымпитыда ардагер ұстаздың құрметіне сынып ашылды

IMG_7356Сырым ауданындағы Қ. Мырзалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектебіндегі физика сыныбына салтанатты түрде еңбек ардагері, Сырым ауданының құрметті азаматы Ким Федяниннің есімі берілді.  Сыныптың ашылуы шарасына ардагер ұстаз Ким Федяниннің өзі және шәкірттері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

 Ким Федяниннің Жымпиты орта мектебінде басталған еңбек жолы 41 жылға жалғасты. Ол 1984-1993 жылдар аралығында мектептің директоры қызметінде болды. Басшылық қызметте болса да, Ким Федянин өзінің ең әуелі мұғалім екендігін ұмытпады. Ким Николаевич жасақтаған жасақтаған физика кабинеті өзінің дәуренінде облыс көлеміндегі уақыт талабына сай жабдықталған, материалдық базасы жетік, озық кабинет атанды. Кейін бұл кабинеттен берісі ұстазының жолын жалғаған, әрісі Еуропа елдерінде тағылымдамадан өткен, Назарбаев универсетитеті сияқты әлемдік білім ордасында қызмет жасайтын ғалымдар шықты. Федянин мырзаның қайраткерлігі деп, оның білім беру ісінде қазақ балаларына ғылымды қазақ тілінде түсіндіру тәжірибесін  енгізгенін айтар едік. Педагог оқулықтардың тілін қазақша сөйлетіп қана қоймай, өзінің бергі саналы ғұмырында да қазақ тілінің айнымас жанашыры болып келеді. Осы қасиеттері Ким Федянинді құрмет биіктерімен алып жүрді.

Түске жақын Ким Федяниннің мерейлі 80 жасының құрметіне орай «Үлкендер жолы ұлылық, ұрпағы жүрер ұғынып!» атты кездесу кеші өтті. Ардагер ұстазды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады.

IMG_7474Ким Федяниннің шәкірті, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Сатыбалды Құлбеков  ұстазына майлы бояумен салынған төл туындысын сыйлады. Түске дейін шараның қонақтарымен бірге Алаш мұражайында болған суретші мұражайдың қорына да 1967 – 1975 жылдар аралығында салынған Жымпиты ауылының әр түрлі суреттерінің түпнұсқасын тапсырды.

Кеш барысында өнерпаздар өнер көрсетіп, ардагер ұстаздың әр жылдардағы шәкірттері тілек білдірді. «Ким Николаевичтің сабақ түсіндіру ерекше еді. Сабақ емес, құдды ертегі тыңдағандай боласың. Ақиқат сөз айтылуы керек. Менің беретін бағам сол, Ким Федянин – Сырым ауданының №1 ұстазы» - деді шәкірттердің бірі Ерболат Исанов. Біз бұл сөзге артық ештеңе қосқымыз келмеді.

Айта кетейік, Ким Федянин әулетінен шыққан жалғыз педагог емес. Федяниндар жанұясы – 260 жылдық өтілі бар педогогикалық әулет. Кимнің әкесі Федянин Николай кезінде Қадыр Мырзалиевке сабақ берген. Ал атасы Иван Федянин Алаш зиялылары Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедовтармен рухтас адам болған. Суретші Сатыбалды Құлбеков Федяниндар әулеті туралы «Ким мырзаның арғы тегі – орыс аристократиясының өкілдері» деп еді манағы сөзінде. Осындай тектен тараған Ким Федяниннің қайдан осал болсын?

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале