«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Батыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Мынатаубиік Анесов пен партияның белді мүшесі Құсайын Бақтияров Сырым ауданының Қособа ауылына арнайы келді.
Қособа орта мектебінде табан аудармастан аттай 47 жыл дене шынықтыру пәнінің ұстазы, жаттықтырушы болып еңбек еткен ардагер-ұстаз, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі Серікбай Жүкеевке Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін Қособа орта мектеп-балабақша кешенінің ұжымы алдында табыс етті.
Серікбай Әлмырзаұлы 1950 жылы Көздіғара ауылында дүниеге келген. Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласындағы педучилищенің денешынықтыру бөлімін 1972 жылы бітіріп, сол жылы еңбек жолын Қособа орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып бастады. Өзін білікті ұстаз, бапкер ретінде көрсетті. Серікбай Жүкеев – «Білім беру ісінің үздігі», басқа да бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болған. Батыс Қазақстан облысының еркін күрес федерациясының мүшесі, шәкірттері еркін, қазақша күрестерден жауырынын жерге тигізбеген палуан болды. Азия чемпиондарын, бірнеше спорт шеберлерін, республика, облыс чемпиондарын даярлап шығарды. Шәкірттері Еділ Үсенов пен Бірлес Есенғалиев – Халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Әлем кубогының иегерлері.
Қонақтар Мынатаубиік Анесов, Құсайын Бақтияров және Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов сөз сөйлеп, ауыл спортын дамытуға ерен еңбек сіңірген Серікбай Жүкеевті құттықтап, оның жетістіктерін жас ұрпаққа үлгі етті.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz