7.10.2022, 10:15
Оқылды: 49

Ардагерлердің ел дамуына қосқан үлесі зор

Кеше Казталов ауданына қарасты Қошанкөл ауылдық округінде аудандық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық ұйымының семинар-кеңесі ұйымдастырылды. Аудан ардагерлерінің басын қосқан келелі жиынға аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов, ұйым мүшелері, аудандық дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.

20221006082510_IMG_7111

Семинардың өтуіне Қошанкөл ауылдық округі әкімшілігі мен аталған ұйымның Қошанкөл ардагерлер бастауыш ұйымы мұрындық болып отыр.

6

Жиынға қатысушылар, алдымен, Қошанкөл ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында бас қосып, ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен, қоғамдық ұйымдардың жұмысымен танысты. Басқосуда ардагерлер еліміздегі саяси ахуалды талқылап, аталған ауылдық округ жөнінде естеліктерімен бөлісті. Келелі жиыннан соң аудан әкімі бастаған делегация «Мәңгілік алау» монументіне гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысына қатысқан боздақтардың рухына тағзым етті.

8

Содан соң семинар қатысушылары мен қонақтары «Сәйгүлік» мұражайымен , «Ақ кимешек» әжелер ансамблінің және округтегі өзге де қоғамдық ұйымдардың жұмысымен танысты. Ауласында Казталов ауданының құрметті азаматы Сәлімгерей Асанғалиевтің мүсіні менмұндалап тұрған ауылдық мәдениет үйінде «Әділетті қоғам құрудағы ардагерлердің рөлі» атты семинар-кеңес өтті.

7

Мәдениет ошағында өткен келелі жиында алғаш болып аудан әкімі Рүстем Зұлқашев сөз алып, аудан ардагерлерін қазанның алғашқы мерекесі Халықаралық қариялар күнімен құттықтап, ардагерлер кеңесінің жұмысына оң бағасын берді.

- Халқымызда «Қарты бар елдің – қазынасы бар» деген қанатты сөз бар. Біз үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете білетін текті халықтың ұрпағымыз. Осы орайда біздің ауданымызда ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға қатысты барлық ілкімді істер үнемі қолға алынып, жан-жақты қамқорлық пен қолдаулар жүзеге асып келеді. «Ардагерлер ұйымы» республикалық ұйымының Казталов аудандық филиалы қарияларға қатысты барлық қоғамдық-саяси, мәдени, қайырымдылық шараларының өтуіне мұрындық болып, белсене атсалысып келеді. Ардагерлер кеңесінің мүшелері әр ауылдағы қоғамдық ұйымдарда, медиаторлық қызметте абыройлы еңбек етіп, ел арасындағы алауыздық пен ағайын арасындағы дау-жанжалдардың алдын алу бағытында жұмыстануда. Бұл «Ардагерлер ұйымының» беделінің бір көрінісі іспеттес.

Қарияларымыз – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы. Мемлекет бақытты қариялық ғұмырды ұзартудың барлық жағдайын жан-жақты ойластырып, жақсылықтың бәрін жасауға әрқашан дайын. Аға ұрпақтың алаңдауына негіз жоқ. Өйткені, біз ұрпақтар сабақтастығының алтын көпірі – абзал қарияларымызға құрмет көрсетудің ұлттық дәстүрін бойымызда сақтаған елміз. Халықаралық қариялар күні құтты болсын, ел қазынасына айналған қарияларымыз аман болсын! - деді аудан әкімі.

5

Аудан басшысы өз сөзінде келешек ұрпаққа қолтаңбасын қалдырып, музей кешенін қалыптастыруда қажымай еңбек етіп келе жатқан Кәрім Өтеғұлов, аудан тарихы жөнінде құнды мәліметтерді жинақтап кітап жазған Уәлиолла Әбішов, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына қатысып белсенділік танытқан Меңдіхан Халықұлы, дәстүрлі жыршылық өнерді насихаттап халықаралық дәрежеде аудан атын шығарған Баян Құбайқызы, салауатты өмір салтын қалыптастырып, түрлі көрмелер ұйымдастырып жүрген Гүлжан Исмағұлова және Жаңатаң ауылындағы жерлесіміз батагөй қариямыз Есмағұл Мусиннің есімдерін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ауылдық округтердегі әжелер ансамблінің де жұмысына тоқталып, өз бағасын берді. Семинардың алғы сөзін сөйлеген аудан басшысы жиынға қатысушыларды ауданымызда атқарылып жатырған жұмыстармен таныстырып, аудан тұрғындарының көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Семинар-кеңесте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуовтың есебі тыңдалса, Қошанкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы  Меңдіхан Халықұлы ұйымның округте атқарған жұмыстарын баяндады. Жүсіп Ғабдылханұлы өзінің есебінде ардагерлерге қатысты бірқатар мәселені жергілікті атқарушы билік назарына ұсынды.

- Қазіргі таңда ауданымызда 3378 зейнеткер ардагер есепте тұрады, оның ішінде 144 тыл ардагері бар. Ұйымның өзге мүшелері зейнеткерлер, еңбек ардагерлері және өзге санаттағы ардагерлер. Ардагерлерді ардақтап, қарттарды құрметту – қанымызға сіңген үрдіс. Әрі мұндай өнегелі қадамның ұрпақ тәрбиесіне де тигізетін әсері мол. Халықпен есеп беру жиындарында, түрлі кездесулерден ақсақалдар қалмай қатысып, түйткілді мәселелерді көтеріп, салиқалы пікірлерін білдіріп келеді. Осы тұста ұйым мүшелерінің пікірін ескеріп, ардагерлерге көңіл бөлінсе екен дейміз. Ардагерлерді емдеу-сауықтыру мәселесі бойынша қала мен ауылдардағы көрсетіліп келе жатқан әлеуметтік-медициналық көмектер, ардагерлердің демалыс уақытын тиімді ұйымдастыру, басқа да жұмыстарға байланысты мемлекет тарапынан қамқорлықтар бірдей дәрежеде емес. Сол қамқорлықтар шарапатымен ауылдардағы ардагерлерді барынша көбірек қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлгеніміз дұрыс. Дәрігерлік бақылауға алынып, есепте тұратын ардагерлерді дәрі-дәрмекпен қамту жайын ардагерлер ұйымдары медициналық қамту комиссиялары мен емдеу мекемелері бірлесе отырып назарда ұстағаны жөн. Ауданымыздың ардагерлері қоғамдық жұмыстарға қатысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Сондықтан, ардагерлерге құрмет көрсетіп, қолдау шараларын жетілдіру керек, - деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Келелі жиындағы жарыссөзде еңбек ардагері Уәлиолла Әбішев, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұқанғали Бектілеуов, ардагерлер Кенжебай Үмбетов, Набидолла Мәжитов өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Радж Шәріпов, Казталов аудандық ауруханасының директоры м.у.а. Зинұр Сәткеш ардагерлерге көрсетілетін қызмет түрлерін атап өтіп, кеңінен мәлімет берді.

4

Семинарда аудан әкімі Рүстем Зұлқашев ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген Ахаш Насырұлы, Ғилым Шәріпұлы, Уәлиолла Әбішев, Меңдіхан Халықұлы, Мұқанғали Бектілеуовке облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының алғысхаттарын табыстаса, Тұрақбай Дүйсенов, Қайырболат Қизағалиұлы, Мағзия Ғайноллақызы, Амантай Жиенғалиұлын өз атынан алғысхатпен марапаттады. Сондай-ақ Меңдіхан Халықұлына ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы ұсынған «Елеулі еңбегі үшін» медалін табыстады. Ал Елемес Салихұлы, Жұма Қабдұлғалиұлы, Жақсылық Сұрамысұлы, Қадем Ғазезұлы, Болат Оразұлы, Ізімбай Тұрсынұлы аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының алғысхатымен марапатталды. Сонымен қатар сахна төрінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының атынан Жалпақтар жастарына естелік сыйлықтар табысталды. Қошанкөлдік өнерпаздар қонақтарға ән мен биден шашу шашып, көңілді серпілтті.

Жиыннан соң ардагерлер мен шара қонақтары Ғ.Бегалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің ғимаратындағы тарихи-өлкетану мұражайымен танысып, ауылдық округ әкімшілігі ғимаратының аумағында көшеттер отырғызды. Айта кету керек, аудандық маңызы бар семинар-кеңес аясында ауылдық округ әкімдері де өзара тәжірибе алмасты.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале