Елімізде жыл сайын 23 маусым - Қазақстан полициясы күні аталып өтіледі. Бұл күн - қазақстандық полицияны құрған ардагерлер мен оның қатарында еңбек ететін қызметкерлерге алғыс білдіріп, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін бейбіт күнде өз өмірін құрбан еткен полицейлерді еске алатын күн.
Осыған орай бүгін Жәнібек аудандық полиция бөлімі Ұлы Отан соғысының ардагері, милиция подполковнигі болған Хален Махауов пен Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органының ардагері, үш дүркін «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Сұлтан Бисекеновке арналған құрмет тақтайшаларының алдына гүл шоқтарын қойды.
Сонымен қатар олардың бейіттеріне барып, марқұмдардың рухын бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиынның шақырулы қонағы, ішкі істер органының ардагері Бекет Әліпқалиев полиция қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, марқұм әріптестерінің ерлігі мен өрлігі жайында ой тарқатты. Өз кезегінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанова мен аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова да тәртіп сақшыларына ізгі тілектерін білдірді.
Бақытжан Серіков,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz