«Жайық Пресс» ЖШС медиахолдингінің бас директоры Рауан Сəбитов бастаған топ Қазталов ауданы орталығындағы «Рухани жаңғыру» кеңсесінде болып, ақсақалдармен, жастармен жүздесті. Кеңсеге бас сұққан жаңалық жаршылары аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, көрме тамашалады.
-Газет сіздерге берілетін пікірталас алаңы. Нарық заманына сай газет те тауар сияқты. Сіздерге сапалы тауар ұсынуымыз қажет. Ол үшін жалпы оқырмандарымыздың жаңаша ойлары, сын пікірлері ауадай қажет. Сол себептен де біздің нағыз оқырмандарымыз, сыншымыз сіздерсіздер. Осы орайда біз ардагерлермен арнайы кездесіп, алдарыңызға көп сөйлеуді емес, сіздерді көп тыңдауды мақсат етіп келдік. Алдағы уақытта газеттің сапалы шығуы үшін ұсыныс-пікірлеріңіз, сұрақтарыңыз болса тыңдауға əзірміз, -деді бас директор Рауан Сəбитұлы.
Кездесу барысында «Орал өңірі» газетінің тілшісі Есенжол Қыстаубаев газет саласындағы көкейкесті мəселелер төңірегінде əңгімеледі. Сонымен қатар Қошанкөл, Көктерек ауылдық округтерінің ардагерлері Меңдіхан Халықұлы, Теміржан Қажығалиев басылымдағы мəліметтер жөнінде пікірлерін білдірсе, Мұнайдар Карин, Болат Бекешов сынды ақсақалдар Еділбай сорының емдік қасиеті жөнінде ойларын жеткізді. Жаңажол ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы Нағым Ризуанов:
-«Орал өңірі» облыстық газеті жылдан-жылға жаңарып келеді. Есенжол інім 41 жылдан бері облыстық газетте қызмет атқарып, халықтың əл-ауқатын жазып, ардагерлерге арнайы бет те əзірлеп жүрген бірден-бір журналист. Сіздермен жүздескенімізге қуаныштымыз, -деп ризашылығын білдірсе, басқа да ардагерлер ақпарат беттерінде тарих туралы мəліметтер жəне еңбек адамдарын насихаттау жайында мағұлматтар жарыққа шықса деген ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты.
Жұлдыз АСҚАР,
Қазталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!