Бүгін Қаратөбе ауданы орталығындағы Мұхит Мералиев атындағы тарихи-өлкетану музейінде 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 79 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс тарихы» тақырыбында және Ұлы Отан соғысының ардагері Зейнолла Сәрсенғожиннің туғанына 110 толуына орай ұйымдастырылған «Ұлы ерлікке тағзым» атты көрме таныстырылды.
Музей экскурсоводы Дулат Наушекенов іс-шараға қатысушыларды айтулы көрмелермен таныстырды. Музейдегі көрмелер таныстырылымына Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі», соғыс ардагері Зейнолла Сәрсенғожин ағамыздың ұл-қыздары, немере-шөберелері, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашылары мен мектеп оқушылары қатысып, көрмелердегі құжаттар мен жәдігерлерді тамашалады.
«Ұлы Жеңіс тарихы» - атты көрмеге жерлестеріміз, соғыс ардагерлері Еңсеп Досқалиев, Амангелді Ығылов, Жақия Есполов, Кенжеғали Жәңгіров, Батыр Қыдырниязов, Зәки Мәмбетов, Қонаш Сариев, Фазыл Ыхсанов тағы да басқа бір топ ардагерлердің ерлік істері мен еңбектері туралы деректер мен суреттер, кітаптар және жәдігерлер, майдандағы ерлік істері мен бейбіт өмірде атқарған еңбектеріне байланысты алған марапаттары қойылған.
Музейдегі екінші «Ұлы ерлікке тағзым» - атты көрмеге ҰОС ардагері Зейнолла Сәрсенғожиннің білімі туралы құжаттарымен, соғыстан кейінгі ұстаздық еткен елеулі еңбектері, көптеген марапаттарымен, әркездерде түскен суреттері қойылған.
Зейнолла Сәрсенғожин 1914 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданының Батпақкөл ауылдық Кеңесіне қарасты «Қызылкөл» деген жерде қарпайым отбасында дүниеге келген. 1919 жылы әкесі қайтыс болып, ағасының қолында тәрбиеленіп өскен. 1927 жылы мектепке барып,1932 жылы Жақсыбай бастауыш мектебін бітіреді. Одан кейін Орал қаласындағы педогогикалық техникумға оқуға түскен. Аталмыш оқу орнын 1936 жылы тәмамдап, 1938 жылға дейін Қаратөбе орта мектебінде жоғары сыныптарға география, химия пәндерінен сабақ берген. 1938 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институтқа түсіп, 1940 жылы оны аяқтағаннан кейін бұрынғы Гурьев, қазіргі Атырау облысының Бақсай ауданының, Бақсай орталау мектебінде аздаған уақыт жұмыс жасап, әскер қатарына алынған. Ардагер ағамыз Кеңес Одағының Маршалы Иван Конев қолбасшылық еткен екінші Украина майданының жауынгері болған. Соғысқа дейін командирлер даярлайтын курста оқып, тактикалық сабақта жақсы дайындығымен көзге түскен ол Львов,Харьков, Воронеж, Кировоград қалаларын азат етуге қатысады. Орел-Белоцерковь бағытындағы соғыста 3 рет жаралы болады. 1943 жылы ауыр жарақат алып, елге оралған. Ауылға келгеннен кейін Қаратөбе орта мектебінде химия, анатомия, география пәндерінен дәріс беріп, мектеп директоры болып қызмет жасаған. 1951 -1963 жылдар аралығында аудандық оқу бөлімінде мектеп-инспекторы болып қызмет атқарған. 1974 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Мұхит орта мектебінде ұстаздық еткен.
Ардагер ұстаздың көптеген жылғы еңбегі еленіп, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1958 жылы «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағына ие болған. Ұлы Отан соғысындағы ерлік істері үшін «І дәрежелі Отан соғысы» және «ІІІ дәрежелі Даңқ» ордендерімен және бірнеше медалдарьмен марапатталған.
Мерекелік іс-шарада ардагер, ұлағатты ұстаз З.Сәрсенғожиннің қызы, ардагер ұстаз Қарлығаш Зейноллақызы мен келіні Қалампыр Сәрсенғожина сөз алып, музейдегі көрмелерді ұйымдастырушы музей ұжымына және іс-шараға қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Ерболат Мырзағұлұлы,
Қаратөбе ауданы