Республика күні мерекесі қарсаңында, ауданымыздың 95 жылдығы аясында Қаратөбе аудандық М.Мерәлиев атындағы тарихи-өлкетану музейінде ардагерлер мен жастар арасында кездесу кеші өтті. «Ниет.Еңбек.Жетістік» тақырыбында өткен шарада ауданымыздың дамуына өзіндік үлес қосып, еңбекпен есімі еленген ардагерлерімізбен тағылымға толы келелі әңгіме өрбіді.
Еліміздің өркендеуі жолында түрлі салада қызмет атқарған еңбек адамдарының есімін жастарға насихаттауға арналған бас қосуда сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин:
– Атаулы мерекелер және мейірбандық айлығы аясында еңбек ардагерлерін жастармен жүздестіріп, үлгілі еңбектеріңізді насихаттауды мақсат тұттық. Өнегеге толы істеріңіз біз үшін тарих, бүгінгі жас буынға ақылшы болып жүре беріңіздер, - деді.
Кездесу барысында өз өмір жолдары мен артқарған қызметтері турасында әңгімелеп берген ардагер ұстаздар Гүлбағида Қорғанова мен Үмбетқали Бақтығалиев жастарды білімді болуға, туған жердің тарихы мен тарихи орындары туралы зерттеп білуге кеңес беріп, еңбекқор болуға шақырды. Қызмет барысында кездескен қызықты сәттерімен бөліскен мәдениет саласының ардагері Бейбіт Сағынғалиев пен заң саласының ардагері Сәния Төлегенова жұмысқа енді араласа бастаған жастарға қоғамдық орындарда өздерін ұстау, қоғамдық шараларда белсенді болуға, өздеріне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға, адамгершілік қасиеттер турасында ақылдарын айтты.
Өмірден түйгендері мол сала ардагерлермен өткен кездесуде өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын жолдаған жастар, тұшымды да толымды жауаптар естіп, рухани тұрғыда мол әсер алды.
Кездесуде Ғ.Құрманғалиев атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының әншілері халық әндерін әуелете шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz