Бүгін Сырым ауданы орталығындағы жалпы білім беретін Қ. Мырзалиев атындағы орта мектепте «Ерлік кездейсоқ болмайды» атты ауған соғысының ардагерлерінің оқушылармен кездесуі өтті.
Кездесуге аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Мұрат Сәрсеев, ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Мұрат Айдарханов, Ермек Рахметов, Қази Төлегенов, Аяпберген Төлепбергенов және Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлден Талиповамен қатар аудандық полиция бөлімінің жас маманы Орынбасар Кәрім, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жас маманы Ерболат Сайлыбаев қатысты.
Аталмыш мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мұғалімі Алмас Абдрахманов шараға қатысушыларға ауған соғысы жайлы ақпарат беріп, фильмдер көрсетті. Сырым ауданынан ауған соғысына қатысқан азаматтарды таныстырды. Биыл интернационалист-жауынгерлердің 10 жылға созылған қанды қырғын болған ауған жерінен шығарылғанына 34 жыл толып отыр. Ауған топырағында 27 батысқазақстандық қаза тауып, біреуі із-түссіз жоғалған.
Шарада аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Мұрат Сәрсеев, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлден Талипова сөз сөйлеп, жанкешті жауынгерлердің ерлігі үлгі екендігін, ұмытылмайтынын айтты. Жас мамандар болса, оқушыларды патриот болуға, Отан алдындағы борышты өтеуге, әскери салада еңбек етуге шақырды.
Оқушылар ауған соғысының ардагерлеріне сауалдар қойып, жауап алды. От пен оқтың ортасынан оралмаған боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz