Шыңғырлау ауданындағы Ардақ ауылдық округі тұрғындарын ауылдағы амбулаториялық пункттің ескіріп, апатты жағдайда деп танылуы алаңдататын. Өткен ғасырдың 50-жылдары тұрғызылған емдеу орны содан бері дұрыс жөндеу көрмей «шаршап» тұрған еді. Жаңа амбулатория салуға қаражат табылмай, ардақтықтар қамкөңіл күйде жүрген-тұғын. Бұл көкейкесті мәселенің шешімі жуырда табыла кетті.
Осы өңірге өз шаруасын дөңгелетсем деп келген оралдық кәсіпкер Мақсұт Ваисов жергілікті халықтың назына құлақ түрді. Оның үстіне шешімі табылмай тұрған мәселеге қатысты аудан басшысы да құлаққағыс етіп, мүмкіндік болса қолұшын созып, жаңа ғимарат салуға ұсыныс айтқан. Мақсұт қаражат жағын екшей келе ардақтықтарды қуантуды жөн көріпті. Шыңғырлау өңірінің тумасы болмаса да, алдағы тірлігін осы жермен байланыстырғалы отырған азаматтың бұл шешімі жұртшылықты разы етті. «Іске сәт» делінген күннен бастау алған құрылыс жұмысының жүргізіліп жатқанына бір айдың көлемі өтті.
– Өзім Ақжайық ауданының тумасымын, өскен жерім – Жалпақтал. Еңбекпен ес жиған маған ауылдың тыныс-тірлігі әбден таныс. Осы күнге дейін кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, дүкен ашып, тамақтандыру орнының да жұмысын дөңгелетіп келемін. Шыңғырлау ауданының табиғаты шырайлы, жайылымы шұрайлы екеніне қанықпын. Сол себепті тағы да бір кәсіпке бет бұру – мақсатым еді. Ол осы Ардақ ауылына табан тіреп, ірі қара шаруашылығын ілгерілету. Қазір
аудандағы тиісті мекемелермен жұмыс істеп, жер мәселесін шешу, басқа да жұмыстарды реттеу, заңдастыруды аяқтап қалдым. Бұйырса, малдың қора-қопсысын реттеп алған соң, тұрғын үй салмақпын. Басталған амбулаторияның құрылысы қарқынды. Құрылыс материалдарының бағасы ұшып тұр, дегенмен керекті заттарды жергілікті жерден алудамын. Осы саладан хабары мол 4 құрылысшы әр күнді тиімді пайдалануға тырысуда. Үш бөлмесі және қосалқы шаруашылық бұрышы бар шағын ғимаратты сапалы аяқтап, халық игілігіне ұсынсам деген ойдың жетегіндемін. Мәселе сенің қай жердің тумасы болғандығыңда емес, қай жердің ауасын жұтып, суын ішсең, сол жердің мұқтажына тырнақтай болса да, өз үлесіңді қосуыңда, – дейді іске мығым, сөзіне табанды азамат.
Шын мәнісінде, бәрімізге мәлім індет бүкіл әлемді дүрбелеңге салып отырған шақта ауылға білікті мамандармен қамтылған, заманауи жабдықталған амбулаторияның қажеттігі түсінікті. Ыңқыл-сыңқылы көп егде жастағы тұрғындар таяқ тастам жерде ем-домын алып жатса, қажеттінің бәрі бір орыннан табыла кетсе, ғанибет емес пе?!
Жуырда ауданымызға іссапармен келген облыс әкімі Ғали Есқалиев Ардақ ауылдық округіне арнайы бұрылып, құрылыс барысын өз көзімен көріп кеткен болатын. Облыс басшысы кәсіпкер жігіттің бастамасын құптай келе, әр ауылда халықтың жағдайына қарасатын Мақсұттай азаматтар табылса деген тілегін білдірген еді.
Бүгінгі таңда ескі медициналық пунктте бір фельдшер, бір санитар және көлік жүргізушісі 323 ауыл тұрғынына қызмет көрсетуде. Кәсіпкердің айтуынша, жаңа амбулатория ғимараты күзге таман ардақтықтар игілігіне берілмек. Ал оның жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталуы, білікті мамандармен қамтылуы аудандық денсаулық сақтау саласының құзыретінде болмақ.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы