3 наурызда өткен Шыңғырлау ауданының Ардақ ауылдық округі әкімінің сайлауы нәтижесінде Мәди Сатыбалдиев округ әкімі болып сайланған болатын.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігінің таңдауы түскен Мәди Сатыбалдиевті бүгін Ардақ ауылында жаңа лауазымына тағайындау рәсімі өтті. Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев алғы сөз сөйлеп, жаңа басшыны ауыл тұрғындарына таныстырды.
- Туындаған мәселелерді шешуге жұмыстанып, халықтың мұң-мұқтажына әрдайым жауап беріп, ауыл тұрғындарымен етене жұмыс жасап кетесіздер деген үміттеміз. Өзіңіздің осы кезге дейін жинаған біліміңіз бен біліктілігіңізді ел игілігі үшін жұмсап, жұмыстана беріңіз. Нәтижелі қызмет жасап, елеулі еңбек ету жолында сізге сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімі.
Өз кезегінде Мәди Сатыбалдиев:
- Құрметті жерлестер! Мені осы қызметке лайық деп таңдау жасағандарыңыз үшін рахмет. Сіздердің маған артып отырған сенімдеріңіз бен үміттеріңізді ақтап, ауылды көркейту үшін бар күшімді саламын, - деп алғысын білдірді.
Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев жаңа басшы жайында қысқаша ақпарат беріп, әкім куәлігін ресми түрде табыстады.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz