20.10.2021, 10:34
Оқылды: 46

Әрі әкім, әрі пошташы

Сырым ауданында мерзімді баспасөз беттеріне жазылу науқаны басталды. «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы қазіргі таңда округ орталықтарында мекеме ұжымдарымен, оқырмандармен кездесу өткізуде. Мақсат – газет оқитын қауымның қатарын көбейту. Сарой ауылдық округінде 110 түтін бар. Олардың ішінде 80 жанұя «Сырым елі» газетін жаздырып алып оқиды. Өкініштісі, округте пошташы жоқ.

dav

Біздің округімізде пошта қызметкері жоқ. Ауданның басында да тапшы деп естимін. Пошташылардың жалақылары өте төмен ғой. Сондықтан да, бұл жұмысқа жұрт аса ынта білдірмейді. Еңбекақыларын көтермесе болмайды.

Саройлықтар да газетке белсенді жазылады. Жазылған басылымның үй-үйге уақтылы барғаны жақсы. Пошташы жоқ, оны кім апарады? – деп қынжылды округ әкімі Айбол Жакиев. Дегенмен әкім мырза газеттерді қатырып-сеңдіріп қойып жатқан жоқ екен. Амалын тауыпты:

– Қазіргі уақытта Бауыржан Асенеев деген тұрғын Жымпитыдан газет-журнал тасымалдау қызметін атқарып жүр. Міндеті тек тасымалдау болса да, жіктеп, бөліп, мектептікін мектепке, қалғанын әкімшілікке жеткізіп кетеді. Одан бөлек округте «Сырым елі» газетіне редакция арқылы тікелей жазылған 20 оқырман бар. Ауданның басына барғанда, олардың газеттерін өзіміз алып кетеміз. Содан, әкімшілікке келген, маңынан өткен тұрғындарға газеттерін үлестіріп отырамыз. Кейде қоғамдық қызметтегі әріптестеріміз таратады, – дейді әрі әкім, әрі пошташы болып жүрген Айбол мырза. Міне, газет жұмысына деген жанашырлық!

Бүгінде округ орталығы Шағырлой түлеп келеді. Аңқыған «QAZAQ RADIOSY» ауыл көшелеріне тіршілік самалын таратып тұр. Осыған дейін спорт алаңын, саябағын өзі салып алған халық биыл ауылдың ортасынан зәулім мешіттің құрылысын бастады. Бұл да бір алыстағы мен елдегіні, жат мен жақынды біріктірген берекелі іс болды. Құрылыс қарқынды.  Қазір қабырға қаланып бітіп, төбесі жабылуда.

dav

Әрине, шағырлойлықтардың жергілікті атқамінерлерге айтар шаруасы да бар. Айтуларынша, көктем мен күз болса, медициналық пункттің айналасында су қалқиды екен. Қатқыл табан төсеп, жолды биіктетіп, болашақ мешіттің жанымен Абай көшесіне жалғап берсе, ел риза болайын деп отыр.

dav

Абай орта мектебінің директоры Гүлмира Еркетілеуова ханымның да қабылдауында болдық. Аудандық басылымды қолдауға мектеп ұжымы да дайын екен.

Редакция осы күні түстен кейін Аралтөбе, Талдыбұлақ, Елтай ауылдық округтеріне сапарлады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале