4.10.2023, 16:00
Оқылды: 50

«Арман даладағы» армансыз күндер

Ару Алматы шаһары маңындағы «Арман дала» сауықтыру кешенінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жастар кеңесінің аясында «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» халықаралық жастар саяси лагері ұйымдастырылды. Аталмыш шараны қолға алған – «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты. Қазақстанның барлық өңірінен келген 300-ден астам делегат, сондай-ақ Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Ресей және Өзбекстаннан келген қонақтар төрт күн бойы «Bir Tolqynda» диалог алаңдарының, тақырыптық панельдік сессиялар мен оқыту семинарларының жұмысына қатысты.

WhatsApp Image 2023-10-01 at 13.16.21 (2)

Саяси лагерьге БҚО делегациясын «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының облыстық филиалы төрағасы Архат Исламғали бастап барды.

Биыл шілде айында Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде, «үш зұлым күшке»: трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, заңсыз есірткі айналымына және киберқылмысқа қарсы күреске баса мән берілетінін айтқан болатын. Сондай-ақ Қазақстан Президенті цифрлық технологияларды дамытудың өзектілігіне және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға назар аударды.

«Жастар Рухы» төрағасының орынбасары Ақерке Искандерованың айтуынша, лагерьдің басты мақсаттарының бірі – Мемлекет басшысының ШЫҰ кеңістігіндегі бастамаларын ілгерілету, халықаралық жастар ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ жас ұрпақтың саяси және шығармашылық әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау.

WhatsApp Image 2023-10-01 at 13.16.20

- Ең алдымен Қазақстан Президенті белгілеген күн тәртібіне сүйене отырып, біз басқа елдердің жастар белсенділерімен коммуникациялық байланысты нығайтамыз. Жастардың әлеуетін тиімді пайдалану және олардың күш-қуатын қазіргі жағдайды жақсартуға және сенімді болашақты қалыптастыруға бағыттау маңызды, - деді Ақерке Нұрғалиқызы лагерьдің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.

Халықаралық лагерь жұмысы барысында көптеген кездесу өтті. Солардың бірі «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің жастармен емен-жарқын тілдесіп, пікір алмасуы еді.

- Мемлекет басшысы өзінің қыркүйек айындағы Жолдауында Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі екенін атап өткен болатын. Қазір азаматтарымыздың орташа жасы небәрі 32-де. Жастар қашан да бірегей бастамалар мен жаңа жаңалықтардың жаршысы болып келеді. «AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі ретінде  жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау міндетін өз мойнына алып отыр. Қазақстан – тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген және еркін ойлайтын жастар елі. Ал Партиямыз жастармен бір толқында. Бүгінде қоғамның әр саласында жетістікке жеткен дарынды өрендеріміз көп. Олар егемен елдің жаңа тарихын жасап, қарқынды дамуына өз күш-жігерін салуға дайын екеніне сенімдіміз, - деді Дәулет Жамаубайұлы.

Атқарушы хатшының айтуынша, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 1,5 миллионнан астам жас қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз ету, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы тұрғын үй беру, ауылдағы жас дәрігерлерге көтерме жәрдемақыны 10 миллион теңгеге дейін арттыру, жас ғалымдарға ғылыми гранттар бөлу, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған шәкіртақы мөлшерін арттыру жоспарланып отыр.

Бұл кездесуден бөлек белгілі саясаттанушы Серік Қалқамановтың мемлекеттік саясат бойынша оқыту семинары, коуч Шыңғыс Зипатолланың «Tazalike» қозғалысы аясында Орталық Азияның өзекті экологиялық проблемаларына тоқталғаны жастар есінде қалары хақ.

Лагерь жұмысының шарықтау шегі - Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошановтың халықаралық деңгейдегі шараға қатысуы еді. Ерлан Қошанов ШЫҰ-ға мүше және байқаушы мемлекеттердің алдында тұрған міндеттерді іске асырудағы жастардың рөліне тоқталды.

- Қазіргі заманда барлық елдің тең құқықтық негіздегі өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы барысында «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама ұсынуға ниетті екенін мәлімдеді. Ол ШЫҰ мен оның кеңістігінің одан әрі даму бағдарын айқындайды. Бұл жұмысқа ШЫҰ-ға кіретін барлық ел жастарының белсенді араласуы маңызды. Осы тұрғыда ШЫҰ – әлемдегі ең «жас» халықаралық ұйымдардың бірі. Сіздер, жастар, Ұйымның бүгінгі күшін айқындап, оның алдағы ондаған жылдық болашағын бекітесіздер. Мұнда Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері жастарының ең өршіл де мақсатшыл, болашаққа бейжай қарамайтын өкілдері қатысып отыр. Алдағы уақытта біздің лагерьдің делегаттары өз елдерінің саяси элитасы болатынына сенімдімін, - деді ол.

Тағы бір тілге тиек қылар кездесу - «Bir Tolqynda» алаңында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары лагерь қатысушыларымен ашық диалог құруы еді.

«Жастар Рухы» Жастар қанатының «Жастар кеңістігі: Әділетті әлем және келісім» атты халықаралық жастар-саяси лагерінде «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Елнұр Бейсенбаев, Асхат Аймағамбетов, Максим Рожин, Нартай Аралбайұлы және Никита Шаталов шетелдік қонақтар мен қатысушылар арасында өзекті тақырыптарды қозғап, пікір алмасты.

Атап айтқанда, лудомания, есірткімен күрес, білім, экология, партияның сайлауалды бағдарламасы және халықаралық қатынас мәселелері ортаға салынды.

Төрт күнге созылған лагерь барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастарға арналған интеллектуалдық ойындар, алау жаныңдағы ән кештері, эстрада жұлдыздары Айқын Төлепберген мен  Еркеш Хасеннің және «Жайдарман» жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылды.

Басты жеңіс – бұл еліміздің болашағы саналатын жастар өзара танысып, пікір алмасып, достық қарым-қатынас орнатуы.

 

Әділет Орынбасаров,

Орал – Алматы – Орал

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале