19.02.2025, 12:30
Оқылды: 164

Арман Қалиев: «Жігіттер өз еріктерімен әскерге барамыз деп келді»

 

Халқымызда «Ер – елдің ық жағындағы қаласы, жел жағындағы панасы» деген жақсы сөз бар. Әр ата-ана баласының нағыз азамат болғанын, тек өз отбасының емес, елдің қамын ойлайтын халықтың ұлы болғанын қалап, тілеп отырады. Ал әскер қатарына қосылып, Отан алдындағы борышын өтеу – азаматтық пен қайсарлықтың белгісі емес пе? Мұны елім, жерім деп тұрған, жүрегі Отан  деп соғатын жастарымыздың түсінері анық.

Әскерге бару бойынша 2024 жылдың қорытындысы туралы сұрап, мақала жазу үшін аудандық қорғаныс бөліміне барып, әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесі бастығы, лейтенант Арман Қалиевпен сұхбаттастық.

Арман Қалиев

  • Арман Сапарұлы, алдымен әскери адам ретінде әскер туралы айтып өтсеңіз.
  • Әскер кез келген мемлекетке керек. Әскер болмаса, мемлекет те болмайды деген түсінік бар. Еліміздің заңына сәйкес, кез келген 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарайтын әр жігіт Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Қазіргі уақытта әскерге шақырылған азаматтарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, әскери борышын өтеп келіп, ұлттық бірыңғай тестілеусіз жоғары оқу орнына түсе алады. Әскерде өздерінің жауынгерлік дайындық пәндері бар, ал егер сарбаз осы пәндердің барлығын үздік оқыса, онда оған куәлік беріледі. Былтырғы жылы әскерге шақырылған екі жігітіміз куәлікпен келді. Олар осы сертификат арқылы жоғары оқу орнына ҰБТ-сыз және тегін негізде оқи алады. Еліміз гүлденіп, бейбіт заманда өмір сүруіміз үшін, әскер болуы тиіс. Ең бастысы, әрбір адамда патриоттық сезім болуы керек. Мен де әскерге шақырылған жігіттердің бірі болдым. Мен өзім әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтеп, келісім-шарт бойынша қалдым. Жұмысыммен қатар сырттай оқып, жоғары білімді де алдым. 2007 жылы Атырау қаласында Отан алдындағы әскери борышымды өтеп, келісімшарт бойынша сол жерге жұмысқа орналастым. Әскери қызметтен бастап, келісімшарт бойынша сержант, одан кейін офицер болдым. Әскери қызметте жүргеніме биыл 17 жыл.
  • WhatsApp Image 2025-02-19 at 11.54.48
  • Қорғаныс бөлімінің қызметі туралы және әскерге шақыру процесі қалай жүреді?
  • Қорғаныс бөлімінің ең негізгі қызметі – әскерге шақырылушылармен жұмыс жасау. Бұрын алғашқы әскери дайындық оқытушылары мектеп оқушыларын әкеліп, жеке іс жасақтап, тексеріс жүргізетін. Ал қазіргі уақытта тек 18 жасқа толған соң немесе кейінге қалдыру уақыты біткеннен кейін шақырылып, медициналық тексерістен өтеді. Және шетелде оқитын жағдайда оқып жатқаны туралы анықтама әкеледі. Біз 1414 нөмірі арқылы шақырту хабарламасын жібереміз. Заңда көрсетілген ең негізгісі – шақырылушының өз қолына берілетін шақыру. Шақырту қағазы қолына түскен жігіт 3 күн ішінде аудандық әскери бөлімге келуі міндетті. Егер осы уақыт аралығында ол келмесе, бұл оның қашып жүргенін білдіреді. Заңға сәйкес, біз келмеген адамдардың тізімін полиция бөліміне жібереміз. Заңда егер шақыру қағазын шақырушыға жеке тапсыру мүмкін болмаса, онда іс оны іздеу үшін Ішкі істер министрлігіне беріледі деп көрсетілген. Сондай-ақ келмей, әскерден қашқандарға әкімшілік айыппұлдар салынады.
  • WhatsApp Image 2025-02-19 at 11.55.37
  • Қазіргі уақытта оқушылар және студенттермен жүргізілетін жұмыстар туралы білсек?
  • Ия, біз әрқашан білім бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасап, оқушы, студенттермен кездесулер өткізіп тұрамыз. Кездесулер үгіт-насихат бағытында өтеді. Шараларға студенттерді және мектептің 9-11 сынып оқушыларын шақырамыз. Жиын барысында олар өздерін қызықтырған сұрақтарын қояды. Осындай кездесулерді тек қала бойынша емес, ауылдарға да барып, өткіземіз. Біздің бөлімге әскери оқу орындарына түскісі келетіндер де келеді. 2023 жылы біздің ауданнан 3 жігіт Кадет корпусына, Ақтөбедегі Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына түсті. Жазда олар бізге келіп, әңгіме барысында оқу орнының ұнайтындығын айтты.
  • WhatsApp Image 2025-01-09 at 12.28.15
  • Аудандық әскери бөлім 2024 жылды қалай қорытындылады?
  • Әрбір аймаққа міндетті түрде әскерге шақырылатындардың белгілі бір саны беріледі. Ал облыс әр ауданға бөліп береді. 2024 жылдың күзгі әскерге шақырту науқанында біз жоспар бойынша 63 адам шақыруға тиісті болдық. Ал біз әскерге 64 жігіт жібердік. Ал көктемде 62 адам жіберу керек болып, біз 63 жігітті әскерге аттандырдық. 2024 жыл жақсы жаңалықтарға толы болды. Айта кетерлігі, жігіттер бөлімге өз еріктерімен келді. Осы жылы барғысы келгендер көп болды. Бізге оларды іздеудің қажеті де болмады. Көбісі шақырту қолдарына түскен бойда өз беттерімен келді. Тек өзі ғана келмей, қасына достарын, таныстарын ертіп әкеліп, біз бірге әскерге барғымыз келеді деп айтқандар да болды. Олардың барлығы медициналық тексерістен өтсе, бір жерге әскери борыштарын өтеуге аттанады. Көктемде Ақсай техникалық колледжінен бір топ түгелімен келіп, бәрінің бір жерге барғысы келетіндерін айтты. Сонымен қатар Қанай ауылынан 4 дос бірге келіп, тексерістен өтіп, Ақтауға аттанды. Олар маған әрдайым хабарласып тұрады. Менің WhatsApp әлеуметтік желісінде әскерге жіберген жігіттердің барлығымен ортақ топтарым бар. Олар сол топтарға өздерінің жағдайларын жазып, суреттерін жіберіп тұрады. Біз әскерге жіберген жігіттердің арасында келісімшарт арқылы жұмыс істеп жатқандар да бар. Соның ішінде, шекара қызметіне кеткендер 6 айдан кейін келісімшарт жасасып, бізге жұмыс істеуге келе алады. Мысалы, Жарсуат ауылдық округіндегі «Ақсай» шекара бөлімшесінде біздің бөлімнен әскерге аттанған 2 жігіт жұмыс жасайды. Солардың бірі Сиябуш Елеубай. Сиябушты әскерге жіберетін кезде оның анасы қарсы болды. Ал өзі шекара қызметіне барғысы келетінін айтты. Оны кейінге қалдыру мүмкін болмады және ол әскерге жарамды болды. Сондықтан заңға сәйкес мен оны жіберуге міндетті болдым. 2-3 ай өткеннен кейін маған оның анасы хабарласып, алғысын айтып, Сиябуштың келісімшарт бойынша бізге келетінін хабарлады. Негізінен осы уақытқа дейін Бөрлі ауданында әскерге шақырту науқаны өте ауыр жүрді. 2024 жылғы әскерге шақырту науқанының қорытындысы бойынша Орал қаласы бірінші, ал біз екінші орынға ие болдық. Сол кезде бәрі таң қалды. Себебі біз әрдайым соңғы орындарды иеленетін едік. Осылай 2024 жыл жақсы нәтижемен аяқталды. 2025 жыл басталды. Алдағы жылдың көктемгі және күзгі шақырту науқандары да былтырғы жылдағыдай керемет нәтижемен аяқталады деген үміттеміз.
  • Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Алдағы әскерге шақырту науқанына сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале