5.01.2022, 11:30
Оқылды: 62

Арманы орындалған балақай

Бөрлі ауданына қарасты Пугачев ауылындағы мектептің 3-сынып оқушысы Нұрәділ Шынтасұлы Жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға хат жазған екен. Ол өз хатында «Шіркін, менің велосипедім мен энциклопедиям болса!..» деп армандап жүргенін жазыпты. Жақында балақайдың осы арманы орындалды.

шораев (2)

Желтоқсан айының соңына таман Орал қаласында «Армандар шыршасы» деген жаңажылдық шара өтті. Осы шыршатойға металлургия саласының ардагері, велоспорттан елімізге еңбегі сіңген бапкер Асқар Шораев құрметті қонақ ретінде шақырылған болатын. Жақында ол Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған еді.

«Армандар шыршасының» бір ерекшелігі ортадағы шыршада ойыншықтарға қоса, балалардың арманы жазылған медальон-мейрамхаттар ілулі тұрады. Сондайлардың біреуін Асқар аға алып, ашып көрсе, Нұрәділдің жаңажылдық арманы жазылған екен. Үшінші қаңтар күні Асқар Ишанұлы осы арман-аманатты орындап, Шынтастың Нұрәділіне су жаңа велосипед пен энци-клопедияны Аяз атаның атынан сыйға тартты.

Нұрәділ – ата-анасының төртінші перзенті. Оның бір ағасы, екі әпкесі және үш жасар қарындасы бар.

- Нұрәділім қиын пән болса да, математиканы жақсы көреді. Сабаққа алғыр, әрі ол үй шаруасына қолқанат. Балалы-шағалы болғасын, менің кейде үй шаруасынан қолым тимей жатады. Сондай кезде Нұрәділ бөпесін ойнатады, дүкенге барып келеді. Тіпті қазір есік алдындағы қарды аршуға да жарап қалды, – дейді сүйкімді балақайдың анасы Жеміс ұлына сүйсініп.

Бауыржан Әлжан,

Бөрлі ауданы

Пугачев ауылы,

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале