16.07.2025, 17:15
Оқылды: 459

Арманыңа жет, Арманның ұлы

Сырым ауданындағы А. Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы Амирлан Мұратов қазақ күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы атанды. 

IMG_4237

Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде қазақ күресінен балалар арасындағы алғашқы Қазақстан Республикасы чемпионатында ол 29 келі салмақ дәрежесінде күресіп, өзінің спорттық мансабындағы ірі жеңіске қол жеткізді.

- Қазақ күресінен чемпионат ересектер арасында өтіп жүр. Балалар арасында болып тұрғаны бірінші рет. Амирланға жеңіс оңай, кездейсоқ келген жоқ. Біз оған сендік. Жарыс алдында балғын балуандарға оқу-жаттығу жиындарын, әлемдік бозкілемдерде күресіп жүрген ағаларымен шеберлік сағаттарын өткіздік. Амирлан болса тер төкті, еңбектенді. Ақжайық күресінің тарихы Амирланмен жалғасуда, - дейді БҚО Қазақ күресі Ассосациясының Президенті Әсет Сұлтанұлы.

Иә, он жасында республика чемпионы атану - Амирланның өзі тұрмақ, Батыс Қазақстан өңірі үшін де жарқын оқиға. Айта кетейік, Амирланға күрес әліппесін үйреткен бапкері - Мәулет Қожахметов.

Амирланның әкесі Арман Гумаров та  - бозкілемнің өз адамы. “Әке көрген оқ жонар” - дегендей, кішкене күнінен күрес күртесімен құндақталып, медальдар сыңғырын құлағына құйып өскен бала бүгін ту көтеруге жарап қалды.

- Бапкерлер босамай, асығыстық қылмай ақылмен күрес деді. Финалдағы қарсыласымның қарым - қабілетін жоғары бағалаймын. Қазақстан Республикасының чемпионы болғаныма тоқмейілсімеймін. Мені әлі талай биіктер күтіп тұр. Мақсатым - Олимпиада чемпионы атану. - деді Амирлан QazSport арнасына берген сұхбатында. Арманыңа жет, Арманның ұлы!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале