4.09.2019, 13:04
Оқылды: 53

Армениядан келген арзан, Ресейден келген реңді көліктер осылай жүре бере ме?

Соңғы жылдары ел аумағында көлік көбейді. Көлікпен бірге мәселелердің де көбейіп жатқаны жасырын емес.

Қала ғана емес, көліктің қарасы ауылда да артты. Ауыл көшелеріндегі ат арбаның салдырын көліктердің зуылы алмастырғалы қашан? Кейінгі жылдары сол көшені шетелден келген «келімсек» көліктер толтырды. «Шетелден келген» деп шеттетіп, құдды бір Қазақстанның өзінің төл көлігі бардай сөйлеп жатқанымызды білеміз. Бұл жерде Қазақстан Республикасының аумағынан басқа жерлерде тіркеуде тұрған көліктердің біздің ауылдың көшесінде жүргенін айтқымыз келіп еді.

photo_285410

сурет ғаламтордан

Армениядан келген арзан көлік пен Ресейден келген реңді көліктер осылай жүре бере ме? Оларды Қазақстан Республикасы аумағына тіркеу қашан жүзеге асады? Тіркеудің тізіміне, елдің есебіне алынбаған көлік құралына мемлекет заң қолдана ала ма? Осы және өзге де сұрақтарды ресми хат түрінде Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майор Мақсұдхан Әбіләзімовке жолдадық.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінің бізге берген мәліметінше, бүгінгі таңда облыс аумағында 143 598 көлік есепте тұр. Биыл алты ай ішінде 17 576 көлік тіркелген. Оның 1767-сі жаңадан есепке алынған. Жаңадан тіркелгендерді жіктейтін болсақ, 859 көлік Қазақстанда шығарылған, 212-і алыс шетелден, ал 696 көлік Кеден Одағы құрамындағы мемлекеттерден (Ресей мен Белоруссия) әкелініпті.

Шетелдік тіркеудегі көліктер негізінен облыс орталығы Орал қаласында көп кездеседі. Бөтен елдің нөмірін тағып алған көліктің иелері тыныш жүрмейтін көрінеді. Батыс Қазақстан облысы аумағында 6 ай ішінде шетелдік тіркеудегі автокөлік құралдарының қатысуымен 8628 әкімшілік заңбұзушылық фактісі тіркелген. Келімсек көліктер жыл басынан бері 63 жол-көлік оқиғасына белсенді қатысқан. Ең сорақысы 28 көлік оқиға орнынан табанын жалтыратқан. Бұл жерде «Көлігім Қазақстан аумағында тіркелмеген. Маған не істей аласыңдар? Мықты болсаңдар, тауып көріңдер!» деген пиғылды аңғару қиын емес.

Шетелдік тіркеудегі Қазақстанға қалай келіп жатыр? Оларды елдің аумағына әкелу қиын ба? Осы сұрақтарға жауап алмақ ниетпен, Ресейден Қазақстанға көлік тасымалымен айналысып жүрген жігіттердің біріне жолықтық.

-Көлік тасымалымен екі-үш жылдан бері айналысамын. Кейде алып келіп, саудаға шығарамын. Кей уақытта арнайы тапсырыспен барамын. Көлік сатып алу мақсатында Ресей Федерациясының Орынбор, Қазан, Самара, Тольятти қалаларында болдым. Оралдан Қазанға барып келгенше 2 күн кетеді, қалған қалаларға барып қайтуға бір тәулік жеткілікті. Осыған дейін 100 шақты көлік саттым.

Жолға шықпас бұрын m.koleso.kz, m.avito.ru сайттарын тінтіп, талғамымыз бен бағамызға сай көліктерді таңдап, белгілеп аламыз. Барғасын, көлік іздеуге уақыт жоғалтпай, бірден шаруаға, яғни иелерімен кездесіп, саудаласудың қамына кірісеміз.

Ресейде көлік сату да, сатып алу да оңай. Иесі мен сатып алушы екеуара сату-сатып алу келісімшартын жасайды. Ол 10 күнге жарамды. 10 күннің ішінде Ресей Федерациясы аумағынан Қазақстанға өтіп кететініміз белгілі. Сақтандыруға 25 000 теңге төлейміз.

Шекарадан өту де анабір қиындық тудырмайды. Қолыңда жеке құжаттарыңмен бірге көлікке қатысты техника құралының паспорты (ПТС – паспорт технического средства) мен куәлігі (СТС – свидетельство технического) болса жеткілікті. Ауылдық сұраныста – ВАЗ маркалы 2107, 2114 көліктері. Оларды сату оңай, өтімді, - дейді есімін атамауды сұраған ол.

Байқағанымыздай шетелден, соның ішінде Ресейдің аумағынан елге көлік өткізу оңай. Ресейдің көліктерінің не құдіреті бар? Біріншіден, ол жақтың көліктері кузовы күтілген, салоны сыланып сипалған, жүрісі жетілдірілген, қозғалтқышы қуаттандырылған. Яғни, сапасы мықты. Екіншіден, бағасы арзан. Үшіншіден, айтқанымыздай елге әкелу оңай. Осы тиімділіктер қазақстандықтарды орыстан көлік алуға құлшындырып тұр.

Ал Армения туралы әңгіме басқа. Toyota, Hyundai, BMW, KIA, Mersedes, Аudi секілді брендтердің сапалы шығарылымдарын осы елден арзан бағаға табуға болады.

Арзанға көлік мінген жақсы. Арманыңдағы темір тұлпарды тізгендеген тіпті жақсы. Бірақ, айдың күні аманыңда астыңдағы атыңнан айырылып қалуың да ғажап емес. Себебі, бұл көліктер ҚР аумағында тіркелмеген. Ал шетелдегі иелері бұл көліктерді өзінің атынан алып, тіркеуден шығарып тастауы мүмкін. Мүмкін емес, шығарып тастаған. Ойлап қараңыз, сіз сатып жіберген көлігіңіз үшін салық төлер ме едіңіз? Жоқ! Олар да солай. Шынын айту керек, біздің елде қыруар көлік «ауада қалқып» жүр.

Шетелдік көліктермен қылмыстық не әкімшілік құқықбұзушылық жасалған жағдайда мемлекет не істейді? Көлік құралы қай мемлекеттен кірсе, сол мемлекетке сұраныс жіберіледі. Сұраныстың қорытындысы бойынша қандай да бір заңға қайшы дерек анықталса, ҚР заңнамасына сәйкес шара қолданылады. Енді сауал. Сұранысқа қандай жауап келуі мүмкін? Біздіңше, «Ондай көлік бізде тіркеуде жоқ!» деген жауап келеді. Ешкімнің есебінде жоқ көліктің көшеде жүруі заңды ма, заңсыз ба?

Жол көлік оқиғасының бетін Құдай әрі қылсын, ал шетелдік тіркеудегі көлік ұрланған жағдайда не болады? Іздеу жариялана ма?

Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері шетелдік тіркеудегі автокөліктердің қатысуымен 7 автокөлік ұрлығы, 67 көлік айдап әкету фактісі тіркелген. Ол көліктер бақылау камераларына тіркелген жағдайда, «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешеніне енгізіліп, ұстау үшін жеке құрамға бағдар беріледі.

         Бұл мақаланы жазудағы басты мақсат – шетелдік тіркеудегі көліктер ҚР аумағына есепке алына ма? Соны білу еді. Осы сұрақтың жауабы оқырмандарға да қажет.

         -ҚР жол жүрісі туралы заңының 63-бабына сәйкес басқа мемлекеттің құзіретті органында тіркелген, халықаралық жол жүрісіне қатысатын және ҚР бір жылдан аспайтын мерзімге әкелінілетін механикалық көлік құралдарын қоспағанда, ҚР жасалған немесе әкелінген механикалық көлік құралдары міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады.

         Шетелдік тіркеуде тұрған көліктер ҚР аумағына есепке алынбайды. РФ кірген еуростандартқа (евро 5) сәйкес келетін көліктер ғана тіркеуге алынады. Армения мен Қырғызстаннан кірген көліктер тіркеуге қойылмайды. Олардың қозғалысына түбегейлі тыйым салу сұрағы бойынша нақты шешім қабылданған жоқ,- дейді біздің сұрауымызға БҚО ПД баспасөз қызметі.

«Орал өңірі» газетіндегі әріптесіміз Нұрбек Оразаевтың осы бағыттағы сауалын БҚО жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаевқа қойған екен. Подполковник мырза осы мәселенің Парламент мәжілісінің мінберіне жеткенін, бірақ әлі нақты жауаптың жоқ екендігін айтыпты. Ал «евро 5» көліктің зиянды заттар бөлмеуін қадағалайтын экологиялық стандарт. Бұл стандартқа қандай көліктер кіретіні ғаламторда жазылған.

Біз осы мақаламызда, мемлекеттік мәселеге елдің атынан үн қосып көрдік. Естір құлақ табылар бәлкім.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале