Дәстүрге сай аудан мектептерінде “Жас дарын - 2023” үздіктер шеруі өтіп жатыр. Сырым аудандық мектеп-лицейінде аталмыш шара жоғары деңгейде өтті.
“Аружан” би ансамблінің “Шаттық” биімен түрілген салтанатты жиынға Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әділ Ахмет, Сырым мектеп-лицейінің директоры Самал Батырова қатысып, түрлі білім, спорт, мәдениет секілді бағыттар бойынша өзгелерден оқ бойы оза шапқан үздіктерді марапаттады.
Ұл-қыздарының жетістігіне қуанып келген ата-аналардың құрметіне мәдениет және демалыс орталының әншісі Алмагүл Жұма “Анаңның қадірін біл” әнін әуелетті.
Аталған қонақтар мектеп-лицейдің облыстық, республикалық додаларда білім, тәрбие, өнер, спорт бағыттары бойынша жүлделі орындар иеленіп жүрген дарынды оқушыларға алғыс хат табыс етіп, жүрек жарды жылы лебіздерін білдірді.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың аудандық, облыстық кезеңінде биология пәнінен, “Кенгуру-математика барлығы үшін” интеллектуалдық ойын-конкурсында, аудан оқушылары арасында “Басқарылатын роботтардың шағын футболы” турнирінде, “Табиғатты аяла” облыстық байқауының аудандық, облыстық кезеңдерінде “Қазақстанның флорасы мен фаунасының 3D атласы” номинациясы бойынша жүлделі орындардан көрінген 9-сынып оқушысы Арнұр Есқайыр Сырым мектеп-лицейіндегі озат шәкірттер арасынан “Жыл үздігі” деп танылды.
Мектеп-лицейдің үздік шәкіртіне Самал Тауфикқызы алғыс хат пен арнайы “Жыл үздігі” лентасын табыс етті.
Озаттар шеруі мектеп-лицейдегі дарынды оқушылардың әнұранына айналған әнмен қорытындыланды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz