Ізденімпаз жасөспірім Арсен Жаньяровтың есімі шыңғырлаулықтарға жақсы таныс. Өзі әнші, өзі компьютермен жұмыс істеудің білгірі, үнемі өзін-өзі жетілдіріп жүретін ол осы күнге дейін айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп үлгерді.
Арсеннің компьютерге ерекше икемді екенін қасында жүрген сыныптастары жақсы білетін. Әсіресе мультфильмдердің жасалу жолы оны ерекше қызықтыратын. Интернет әлемін шарлап, анимация, компьютерлік графика мен дизайнға қатысты мәліметтерді қызыға оқып, компьютерде мультфильмдердің графикалық дизайнын жасап та көрді. Жасаған еңбектерін түрлі конкурстарға жіберді. 2018 жылы Алматыда өткен 3D анимация, 2D арт және архитектура шеберлерінің «BeSt 3 D-Animation fnfksvs ,jqsyif» атты конкурсына қатысып, ІІІ орынды иеленіп, сыйлыққа «Lenovo Tab 4 Plvs 10» планшетін алып келді. Алғашқы жеңісі қанаттандырған ол Қостанай қаласында өткен осындай бағыттағы конкурстан І орынды қанжығасына байлап қайтты. Ізденген адам мұратқа жететінін түсінген ол осы бағыттағы қызығушылығын одан әрмен үстеп, компьютерлік графиканың қазіргі заманғы технологияларын жетік меңгеруге тырысты.
Шығармашылық ізденісін шыңдап жүрген ол осы жылдың наурыз айында Орал қаласында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-технологиялық университетінің қабырғасында мектеп оқушылары арасында өткен «Білімді ұрпақ- ел болашағы» облыстық байқауында бағын сынап көрді. Бұл байқаудың басты жүлдесі - IT және техникалық білім беру бағдарламаларына университетте тегін оқу құқығын беретін грант болатын. «Diqital art - 2020» конкурсының алғашқы турына сырттай қатысқан ол екінші турда жеңімпаз атанып, осы университетке түсуге грант ұтып алды. «Амандық болса графикалық дизайн мамандығына оқығым келеді»,- дейді қуанышы қойнына сыймаған Арсен.
Гүлшат Ботанова
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz