Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының мүшесі Николай Арсютин ауданға жұмыс сапарымен келіп, бірнеше нысанды аралады.


Іс-сапар барысында Ақжайық шипажайының аумағындағы "West Agro food" ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасын барып көрді. Мәжіліс депутатына аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова мен аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Нұрғалиев өткен жылы ауданға тартылған инвестиция жөнінде атап өтті. Қазіргі таңда қойманың жұмысы қызу жүруде. Келген делегация картоп өнімін іріктеу, оларды қаптау және текшелеу жұмыстарының жүріп жатқандығына көз жеткізді. Көкөніс сақтау қоймасының технологиясымен танысқан Н. Арсютин жеке кәсіпкерге табыс тіледі.

Одан кейін келесі нысан "BT Control Stroy" ЖШС-нің құрылыс жұмыстарымен танысты. Күніне 50 бас ірі қара малын союға арналған мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын көрді. Болашақта бұл жерде 10 адамға дейін жұмысқа тартылатын болады. Мал сою алаңымен қатар ветеринар дәрігердің бөлмесі мен демалыс орны қамтылған. Сонымен бірге сойылған етті сақтайтын мұздатқыш та іске қосылатын болады.

Жұмыс сапарының келесі бағытында Подстепное ауылындағы "КТК 888" кәсіпкерлігі салып жатқан сүт өнімдері тауарлары фермасының құрылыс жұмыстарымен танысты. 400 бас сүтті сиырларға арналған аталмыш орынның құрылысы қазіргі кезде біраз жұмысты еңсеріпті. Сонымен бірге жұмысшыларға арналған демалыс орындары мен асхана, қойма және мамандар отыратын орындармен жабдықталған. Делегация аудан тыныс-тіршілігімен танысуын жалғастырып, келесі нысанға бағыт алды. Теректі ауылында орналасқан “М&N FILTERS” ЖШС-ның жұмысына куә болып, су сапасын жақсартатын фильтр құрылғылары жөнінде мәлімет алды.

-“М&N FILTERS” мекемесі 2024 жылы ЖШС болып тіркелсе, 2025 жылдың желтоқсан айында ашылып, жұмысқа кірісті. Басшысы Эльмира Кушимова болып келеді. Бүгінгі таңда ұжымға 4 адам тіркелген, болашақта қызмет штаттары артылады деп көзделіп отыр. Жұмысымыз су фильтрінің элементтері өндіруге негізделген.

Басқаша картридж деп те атайды. Қазіргі уақытта иірілген полипропилен жібінен, бүркілген полипропилен ұнтағынан жасалған және плессированный (гофрированный) картридж элементтері де бар. Сапасы жалпы әлемдегі су сүзгіш элементтерімен толықтай тең. (гейзер, аквафор тағы басқаларымен).

Әр элементтің ұзындығына сәйкес, микронажына қарай 10, 20, 30 және 40 дюйм стандартты ұзындықта, соған қарай 1, 5, 10 микрондық аралықтарында жасап шығарамыз. Су фильтрінің элементтері стандартты мөлшеріне сәйкес диаметрі 62 және 114 миллиметрлік болып та жасалады,-деді “М&N FILTERS” ЖШС-ның негізін қалаушылардың бірі Табиғат Майтақов.

Аталмыш іс-сапар құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен кездесуіне жалғасты. Мәдениет үйінде сала мамандарымен ашық диалог өтті. Қызметкерлер депутатқа сұрақтар қойып, басқосуда бірқатар өзекті мәселе көтерді. Оның ішінде:
– ауылға жас мамандарды тарту және оларды оқыту;
– учаскелік полицейлерге қосымша штат қажет болуы;
– ауылдық округтерде база болмағандықтан, ақпарат енгізу үшін ауданға келуге мәжбүр екені;
– коммуналдық қызметтерге арналған 3 790 теңгелік төлемнің ұзақ жылдар бойы есептелмегені;
– қызметкерлердің барлығы бірдей субсидиямен қамтылмауы;
– медициналық айықтырғыштардың аудан орталықтарында жоқтығы.
Николай Геннадьевич көтерілген мәселелерді назарға алып, алдағы уақытта қарастырылатынын жеткізді.
Темірболат Тоқмамбетов,
Теректі ауданы