Шыңғырлау ауданы орталығында мейірімділік пен сұлулық, даналық және рухани қуаттылық салтанат құрған, яғни 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай аудан әкімі Әлия Мұханбетжанованың қатысуымен түрлі шаралар рет-ретімен ұйымдастырылып, шыңғырлаулық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді.
Ең алдымен аудандық мәдениет үйінде «Әлем бесігін тербеткен жан ана» атты мерекелік концерт оздырылды. Асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында шырқалған әдемі кеш барысында аудан басшысы Әлия Биғазықызы көктем мерекесімен нәзік жандыларды құттықтап, тамаша көңіл күй мен жан дүниенің тыныштығын тіледі. Жарқын кездесуде дүниенің тұтқасын ұстап отырған әйел-аналардың болмысы ұлықталып, әуелете ән шырқалып, жылы лебіздер легі ағытылды.
Одан кейін аудан әкімі аудан көлеміндегі іскер әйелдермен «Әйел даналығы – рухани құндылықтың алтын арқауы» атты кездесуде нәзік жанды әйелдер қауымына ізгі тілегін жолдап, түрлі салада белсенділігімен, адал еңбегімен көзге түскен жандарға ризашылығын білдірді. Шарада ауданымыздың белсенді қыз-келіншектері қоғамымыздың қозғаушы күші ретінде ізденіспен еңбек етіп, жарқын істердің ұйытқысы бола бермектігіне сендірді.
Әйел - отбасындағы бақыт пен берекенің ұйытқысы. Бар әлем әйелді тіршіліктің бастауы, адамзаттың анасы деп құрметтеп, қошемет көрсетеді. Әйел заты - сарқылмайтны күш, тіршігіміздің қайнар бұлағы. Тағдырдың тезінен қажымай, қиындықтарды жеңе отырып, жан-жағына мейірім шапағатын сыйлайтын барлық нәзік жандыларды әрбір отбасының берекесі, мемлекетіміздің мерейі деп біліп, үнемі құрметтеп жүрейік!
Мерекелеріңізбен, арулар!
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz