Биылғы жыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың арнайы жарлығымен балалар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті «Архив және болашақ ұрпақ» жобасын өткізуді қолға алған еді. Бөкей ордасы аудандық мемлекеттік архив ұжымы да осы жоба аясында ашық есік күнін өткізіп, мектеп оқушыларын архив қызметкерінің бір күнімен таныстырып, жалпы архив ісі туралы түсінік берді.
Архив – бүгін мен өткеннің арасындағы алтын көпір іспеттес. Былайша айтсақ, біз бүгін ауданның тарихын жинап, тасқа басып, келешектің қожайыны, мына сіздердің қолдарыңызға табыстаймыз. Лыларды ұлықтап, өткенді ұмытпаған, бұрынғының сабағын темірқазық қылған ғана тура жолдан айнымайды. Осы архивте сіздің ата-ана, ата-әжелеріңіздің тарихы жатыр. Тегімді танимын, ата-әжемнің өмір жолымен танысамын десеңіз, мархабат, – деді мекеме басшысы Қуаныш Елемесов.
Басқосуға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Аққалиев:
Отанға деген сүйіспеншілік кіші Отанымыз отбасы шежіресін, туған жер тарихын білуден басталады. Тұңғыштар мекені саналатын ауданымыздың тарихын біліп, мақтаныш тұтуымыз керек. Мұндай тамырын тереңге тартқан тағылымды тарих екі ауданның біріне жазылмаған. Сондықтан, қолдағы алтынның қадірін білейік, – деді.
– Бүгінгі құжат – ертеңгі тарих. Еліміздің мəдени, əдеби өмірінен сыр шертетін архив ісі тəуелсіз Қазақстанда да мемлекет қамқорлығынан алыстаған жоқ. Жаңа технология заманында цифрландыру ісін қолға алып жатқан дəуірде маңызды құжаттарды жоғалтып алмай, болашақ ұрпақ қолына табыстау – басты борышымыз. Аудандық мемлекеттік архивте отызға жуық жеке тектік қор бар, – деп Данагүл Лайықова архив туралы түсінік берді.
Данагүл тек баяндап қана қоймай, архивте жинақталған аудандық архив ісінің ардагері Чарлиз Қойшыбаев, айтыскер ақын Кенжеғали Балабасовтың өмірбаяндарымен таныстырып, ақынның үні жазылған таспаны тыңдатты. Оқушылар архивтегі құжаттардың жинақталу, хатталу және сақталу тәртібімен танысты.
Ұлпан Жакина,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz