Әлемде қазақ баласына таңсық спорт түрлері өте көп. Әсіресе ауылда доп қуалап жүрген жастар жапон халқы меңгерген каратэ-до шотокан, айкидо яғни, жапонның жауынгерлік өнерін біле бермеуі мүмкін. Қимылдың шеберлігін және шапшаңдықты үйрететін спорт көбіне қалада кеңірек насихатталып келеді. Ал кейіпкеріміз Асан Молдағали аталған спорт түрін ауыл балаларының қатардан кем болмай, үйренгенің қалап, еңбек етуді бастап кетті.
Қанмен берілген қасиет
Ақжайық ауданында дүниеге келген Асан спортты мектеп кезінен жанына серік еткен. Жеңіл атлетикаға аңсары ауған оның мектеп қабырғасында жүріп-ақ жеткен жетістікке жетіп үлгерген. Қарапайым ғана шаңырақтан жетіліп, ауылдың тұмса табиғатымен шыныққан. Әке мен ананың тәлімін бойға жиған ауылда өскен жандардың бойында ештеңеден тайсалмайтын алапат рух болады. Бір қызығы ол спортты жаны сүйсе де, мектеп бітірген соң Қостанай қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түскен. Себебін іздеп көрген едік. Алдымыздан кейіпкеріміздің әкесі, өңір білетін қарымды қаламгер, тәжірибелі журналист Нарынбай Молдағалидың өмір дерегі шықты. Айтуынша, әке жолын жалғастыруды көздеген ол журналист боламын деп шешкен. Сөйтіп алғашқы журналисттік еңбек жолын газет редакциясындағы тілшіліктен бастады. Әке өнегесін өзінің жан қалауынан биік қойған жанмен әңгімелесуді шештік.
- Мен бұл әрекетке саналы түрде бардым. Алдымда үш әпкем бар. Мен үйдің кенжесімін. Қазақта «әке жолын жалғастырған» деген жаныма жақын сөз бар. Сол себепті осындай шешімге келдім. Әкем журналистика саласында жүріп-ақ спортпен айналысты. Сол кездегі Гурьевта өткен шахмат сайысының чемпионы болды. Көз алдымда әкемнің осындай істері қалды. Ол елу екіге қараған шағында өмірден өтті. Нарынбайдың кенжесі кәсіби түрде сөйлем құрай алмаса, ел алдында мардымды сөз айта алмаса әбестік болар еді.
Бірақ мұны өзі қаламаған мамандықты таңдады деп топшылауға әлі ерте. Ол жастайынан спорттан бөлек әкесімен бірге кітап оқып, қағаз бен қаламды серік етіп өлең де жазған. Демек қанмен берілген қасиетке ұмтылған, әкенің сара жолын жалғастыруды көздеген оның бұл ісін ерлік демей, не дейміз?
«Спортпен айналысуға ештеңе кедергі емес»
Асан Нарынбайұлы журналистика саласынан бөлек аз ғана уақытта құрылыс жұмыстарымен айналысқан. Ол аз десеңіз, жігітке жеті өнер де аз деген қағидамен вахталық жұмыс та жасаған. Сөйте тұра спорттан қол үзбей, хоббиіне айналдыру арқылы өзін-өзі дамыта берген. Әдетте көп спортшылар дәл осындай жағдайда әлсіздік танытып, спортты тастап кетеді. Ол күн көрудің қамы үшін істеген жұмыстар спортқа, тіпті өзің жақсы көретін салаңа немесе кәсібіңе кедергі келтірмеуі керек деген ойда. Шынайылық пен спортқа деген асқан сүйіспеншілікті көріп қатты таңдандық. Мысалы, кез-келген адам он төрт күн нан тауып жүрген жұмысында болса, қалған демалыс уақытын спортқа арнауға әбден болады екен. Ол туралы Асан Нарынбайұлы:
-Мен алдыма нақты мақсат қойдым. Ол мақсатқа жету үшін тынбай еңбек еттім деп айта аламын. Кез-келген салада қызмет атқарсам да, ойымда спорт, оның ішінде каратэ тұрды. Өзім қарапайым кішкентай ғана ауылда өмірге келдім ғой. Бұл спортты теледидардан ғана көретін, армандайтын балалардың қатарында мен де болдым. Каратэмен айналысуға ауылдағы қара домалақ қазақ балалары да лайықты. Сол үшін қолымнан келгенді жасаймын,- дейді ол өз сөзінде.
Діттеген мақсатына оңайлықпен жетпегені көрініп-ақ тұрды. Ауыл балалары үшін талпынғаны, әке жолының қызығы мен қиындығын қатар көргені... Бәрі де елдің баласы деген атқа лайықты әрекеттер.
Пәлсапаға толы жапон өнері
Тақырыпты кеңірек ашу үшін жапонның жауынгерлік өнері тарихына үңілдік. Деректерге сүйенсек, аталған өнер жай айқасуға немесе қимыл шапшаңдығын дамытуға ғана арналмаған екен. Ең алдымен бұл өнермен айналысудың басты ерекшелігі өзіңді жеңу. Иә, қате естімедіңіз, өзіңді жеңу арқылы бойыңдағы теріс қылықтардан арылу. Күнделікті өмірде басыңды тік көтеріп, түрлі мәселелерге байыппен қарауды үйретеді. Алғашында бұл деректерді көріп, сене алмадық. Футбол, бокс, күрес сияқты спортта бір жеңімпаз болары белгілі. Ал айкидода өз күшіңді өзіңе бағыттау арқылы ішіңдегі өзіңді бұрыс әрекеттерге итермелейтін күйлерден тазарасың. Осы бағытта жаттықтырушы, бүгінгі кейіпкеріміз:
-Шәкірттерімді осы өнерге баули жүріп ата-аналардан жақсы пікірлер естідім. Олар балаларының маған келгеннен кейін өте қатты өзгергенін айтады. Жасыратыны жоқ, қазір телефоннан бас алмайтын заман болған соң жас ұрпақ ынжық, мінезсіз, ұсақ болып өсуде. Ал бұл өнер нағыз ер жігітке тән қасиетті үйретеді,-дейді.
Жәнібектік жақсылар қолдауға дайын
Бүгінгі таңда ауданға арнайы ұсыныспен келген жаттықтырушы аудандық М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінде шәкірт тәрбиелеуде. Не үшін Жәнібекке келді деген сұрақпен алдына барғанбыз. Ол ойланбастан:
-Маған бала арманымның орындалуы үшін ештеңе маңызды емес. Қазағымның қай даласы, қай ауылы болмасын ыстық. Жәнібекке келгеніме еш өкінбеймін. Қаладағы жандар жердің шалғайлығын, жолдың жайын айтып теріс айналады. Мен бұл пікірді құптай алмаймын. Халқы жайсаң ауданның спортқа деген қолдауы ерекше. Ол бірден байқалды. Колледж директоры Берік Ықсанов мырза бірден қолдап, көңілінің дархандығын көрсетті. Шәкірттерімнің ата-аналары да оң баға беріп, балалардың уақытында келуін қадағалап алғысын жаудыруда. Азамат Қаташев есімді ата-ана осы ауданға тез үйреніп кетуіме септігін тигізді. Жоспар өте көп. Қазірден бастап демеп, қолдап жатқан жәнібектіктерге айтар алғысым шексіз,- дейді.
Көрдіңіздер ме? Спортты жан-тәнімен сүйген, бойында қазақы рух бар Асанның асуы осындай. Оның Медина Қаташева, Ілияс Амангелді, Сезім Біләл, Серік Дәулет, Серік Дарын есімді шәкірттері осы уақыттың ішінде үлкен додаларға қатысып, жеңімпаз болып үлгерді. Жапонның екі бірдей жауынгерлік өнерін насихаттаған жаттықтырушының дәл осы топырағы қастерлі ауданымызды таңдап келгенінің астарында мән жатыр деуге болады. Енді Жәнібектің бүлдіршіндері қала жаққа алаңдамай, каратэ до шотокан спортымен шұғылданатын болады.
Ақтілек Әлібекұлы
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz