15.12.2020, 15:23
Оқылды: 106

Әсері мол Алматы сапары

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында халқымыздың сан ғасырлық тарихы, оны ел жадында мәңгі қалдыру мақсатында нақты тапсырмалар да қамтылған. Соның ішінде бабаларымыздың атқа міну мәдениеті, қызғалдақты даламыздың табиғаты туралы мәліметтер келтірілген. Тарих толқынында өзінің бағасын әлі алмаған немесе шетел архивтерінде қалып қойған баба тарихының деректерін зерттеп, зерделеп елге әкелу, кәдеге асыру бағытына да арнайы бөлім арналып, «Архив – 2025» бағдарламасын әзірлеу жайлы айтылған. «Осы мақала аясында аудан көлемінде қандай іс-шаралар жасақтау керек, ұсыныстарыңды айтыңдар?» деген кезде, аудандағы киелі жерлерге экспедиция ұйымдастыру ұсынылған болатын. Бұл экспедиция аудан әкімдігінің қолдауымен республика деңгейінде өткізіліп, арнайы фильм жасалды. Сонымен қатар ауданнан шыққан танымал тұлғалар туралы материал жинақтау, елге әкелу мақсатында Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына іссапарлар ұйымдастыру қозғалды.

8F6A60C9-B693-4923-A1A4-AD18CEB500ED

Қазақта «Сабақты ине сәтімен» деген сөз бар. Қарашаның басында аудан әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан шақырып жатыр деген қоңырау түскесін, көп кешікпей көк кітапшамды қолыма ұстап алдынан табылдым. Барсам, менен басқа ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұртас Сафуллин мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшиев бар екен. Жасұлан Карелұлы: «Сіздерді шақырған себебім жерлесіміз, академик Қ.Жұмалиевтің есімін жас ұрпақтың жадында мәңгі қалдыру мақсатында ауданда бір көшеге есімі берілді, сол көшеде Қ.Жұмалиев тынымбағы ашылды, сонымен қатар аудан орталығындағы мектеп-гиназиядан арнайы Қажым атамыздың атындағы сынып ашу бағытында жұмыстар аяқтала келді. Енді осы сыныптың ішін жасақтау мақсатында Қажым атамыздың Алматы қаласындағы ұрпақтарына барып кездесіп, жәдігерлер, болса қолжазбалары бола ма, қолданған заттары бола ма, елге әкелуге үш адамнан тұратын топты жібергелі отырмыз. Аудан әкімі келісімін берді, тек Қажым атамыз емес, сол Алматыдағы тағы да басқа жерлестерге соғып, құнды жәдігерлер жинай келіңдер. Ең бастысы, ақын апамыз Айсұлу Қадырбаева 70 жасқа толғалы отыр. Апамызға да соғып, елдің сәлемін жеткізіңдер», – деді. Білім бөлімінің басшысына: «Бір маманыңызды осы кісілердің қасына қосыңыз», – деп тапсырып, бізге: «Іссапарларың 17-22 қараша аралығында», – деді.

D0C6B807-9872-43BE-A9AC-23D9B7C119C7

Біз, әрине, мұндай ұсынысқа келісімімізді бердік. Сөйтіп, білім бөлімінен қасымызға Айбат Омаров қосылып, Алматы қаласына жолға шықтық.  

Қажым Жұмалиевтің немересі Қажым (есімі атасының құрметіне қойылған) Махамбетұлы Жұмалиевпен телефон арқылы хабарласып, бәрін алдын ала жоспарлап алдық. Қажым ініміз 18 қараша күні атамыз тұрған үйге алып барып, таныстырды. Үйді 1950 жылдары жапон тұтқындары салған екен. Арнайы ғалымдарға арнап салынған үш қабатты, 22 пәтерлі ғимарат. Қажым атамыз бұл үйге 1956 жылдары көшіп барған, өмірінің соңына дейін үш бөлмелі осы үйде тұрған. Атамыз қолданған жазу үстелі, кітап сөрелері, жиһаздары немересінің ұсынысымен сол күйінде келіні Людмила ұстап отыр. Қажым атамыздың баласы Махамбет те өмірінің соңына дейін осы үйде тұрған. Махамбет ағамыз 2020 жылдың көктемінде қайтпас сапарға аттанған екен. Людмила жеңгеміз қазақы дәстүрмен дастархан жайып, жылы қабылдады. Қажым ініміз үйдің ішінде бізге экскурсия жасап, атамыз туралы мол мағлұмат берді. Кейбір деректерге тоқталсам, Қажым атамызды 1953 жылы қамауға алып, 25 жылға соттапты. Кейін жоғарыға хат жазылып, дәлелдер мен дәйектер арқылы жазаны 10 жылға азайтады, соңынан 1956 жылы ақталып шығып, барлық атақ-дәрежесі қайтарылады. Дүние-мүлкіне тәркілеу жүргізгенде келген адамдар «Тек үстіңізге не киіп, алып кете аласыздар, соған ғана тимейміз, қалғанын әкетеміз», – депті. Ол мүліктер сол Алматыдағы комиссионный дүкенге апарылып сатуға қойылады екен. Сонда Қажым атамыздың жолдасы баласы Махамбетке әкесінің үш костюмін, екі пальтосын, ек-үш қалпағын кигізеді. Содан соң дүкендегі сатушы дос қызына барып: «Біздің үйден дүкенге «Людових 14» деген жиһаз келеді, оны ешкімге сатпа, міне саған ақша», – деп қолына ұстатады. Кейін сол жиһазды ақталған соң қайтып үйіне алдырады. Өкінішке қарай, бір керуеті жоғалып кеткен. Бұдан байқағанымыз, біздің қайраткер ағаларымыздың жолдастарының сөзге беріктігіне, адалдығына риза болмасқа амалың жоқ. Атамыз сол үш жыл қамауда болған кезде «Сіз тарих ғылымдарының докторы екенсіз, бізге фельдшер керек, сіз фельдшер боласыз», – деп, атамыз фельдшер болып қызмет атқарыпты. Немересінің айтуынша, осы қызметі атасының аман келуіне көп көмегін тигізген секілді. Кездесуіміздің соңында атамыз қолданған заттар мен құжаттар, марапат қағаздарын берді. 19 қараша күні атамыз жерленген орталық зиратқа барып, рухына Құран бағыштадық. Атамыз бен анамыз қатар жерленген екен.

8231C9C5-9F16-4B29-92AB-8D3FA68338E9

20 қараша күні жерлесіміз, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы, ақын Талант Арғынғалимен кездесіп, алда 100 жылдығын тойлағалы отырған «Қазақ радиосының» қара шаңырағында болып, «Шалқар» радиосына М.Мералыұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі туралы сұхбат бердім. «Алтын қордан» кездейсоқ Қажым атамыздың таспаға жазылған дауысын тауып алдық. Бұйырса, елге әкеліп, қорымызға сақтап, жас ұрпаққа тыңдатамыз деген жоспарымыз бар.

21 қараша күні ақын Айсұлу Қадырбаеваның 70 жасын атап өту үшін Қазақстан Жазушылар одағына барып, елдің сәлемін жеткізіп, кештің құрметті қонағы болдық.

22 қараша күні Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз Мерлан Досбалаев ініміздің шаңырағында болып, емен-жарқын әңгімелесіп, қорымызға қажетті құжаттарды жинақтап қайттық. Алматы сапары айналымға келмей, тез бітіп қалғаны, Көктөбенің басына шыға алмағанымыз болмаса, өте сәтті ұйымдастырылған шара болды. Осындай сапарды жоспарлы, дәстүрлі түрде ұйымдастыру қажет. Себебі жинақтайтын дүние жетерлік. Ниет пен қолдау болса, біз дайынбыз. Ұйымдастырушы аудан әкімдігіне, қолдау білдірген Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Бижанұлына алғысымыз шексіз. Бәрін бірдей бір мақаланың ішіне сыйғызу мүмкін емес. Бұл сапар туралы тарихта қалатындай дүние жасау алдағы уақыттың еншісінде.

 Нұрлан Құмарұлы,

М.Мералиев атындағы

тарихи-өлкетану

музейінің меңгерушісі,

аудандық мәслихат депутаты

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале