Теректі аудандық мәдениет үйінде «Ашық әкімдік» бірыңғай қабылдау күні өтті. Оған аудан әкімі Тілек Габдушев, аудан әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары және бөлім басшылары қатысты.
Бетпе-бет жүздесу барысында Богданов ауылының тұрғыны Артур Сарғожиев жеке бөбекжай ашу, ірі-қара мал цехын қалпына келтіру, субсидия шаруасын әңгімеледі. Сонымен қатар Людмила Баштовенко ауылішілік жол, соның ішінде Нарын көшесін асфальттау жайын, Асхат Досқалиев тұрғын үйін апатты деп тану, Еркін Злиев жаяу жүргіншілер жолын тазалау қажеттілігін жеткізді.
Мәселе онымен бітпеді. «16 үйдің» бір топ тұрғындары — Гүлнар Хасанова, Әслима Қабдушева, Гүлжан Айтбаева, Күмісзер Оразова, Мәнзия Өміржановалар қоғамның қазіргі өзекті тақырыбы – қаңғыбас иттердің әуре-сарсаңға салғанын айтты. «Иелері бар, бірақ ит ұстау талаптарын орындамайды. Балаларымызды мектепке жіберіп, қорқып отырамыз», — дейді тұрғындар. Ит асыраудағы соңғы өзгерістер жайын аудан әкімінің орынбасары Ержан Досмақов түсіндірді.
Сол үйдің тұрғындары «судың тоқтауынан, аристондарға су келмей, үш күннен бері жылусыз отырмыз. Өткен жылы осылай ауылда су болмай, аристондар қатып қалып, жарылып кеткен. Сонымен бірге қоқысқа көміліп отырмыз, бірақ оған төлейтін төлемақы көтеріліп кеткен. Уақытылы ақы төлеген соң, қалдықтар да уақытымен шығарылсын» деп талап-тілектерін де тілге тиек қылды.
Ал аудан әкімі мен бөлім басшылары әр мәселенің жауапсыз қалмайтынын жеткізді.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz