Казталов ауданы орталығындағы «Достық» саябағында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен «Әнім саған туған жер» атты ашық аспан астында кеш өтті.
Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жұрт «Достық» саябағынан табылып, әншілерімізге қошемет көрсетті.
Кеш барысында Қайрат Абдулов, Мұрат Ахметов, Динара Аубекерова, Ботагөз Мақатова, Оралхан Ерғалиев, Балғаным Губашева, Нұргелді Камелединов, Санжар Әліпов өнер көрсетті. Сондай-ақ облыс орталығынан келген белгілі әншілер Рүстем Кереев, Дана Жағыпарова, Тарас Джаумбаев арнайы келіп, аудан тұрғындарын әсем әндерімен сусындатты. Әуезді кеште аудан халқы әншілермен бірге ән шырқап, ұйымдастырушыларға ризашылық білдірді.
- Халық таза ауадағы концертті сағынды. Бүгін әсерлі әндерді тыңдап, жастық шағымызды еске алып, туған ауылымыға деген сүйіспеншілігіміз бен құрметіміз артып, бір жасарып қалдық. Бес күн жалғанда адамның көңілін табу қиынның-қиыны болса, халықтың көңілін көтеріп, қуаныш сыйлау үлкен жетістік. Осындай игі бастамалары үшін ұйымдастырушыларға, жастарға алғысымыз шексіз. Жастардың мерейі үстем болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - дейді аудан тұрғыны Серік Құттыбаев.
С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Аңсар Ибраев жаз мезгілінде ашық аспан астындағы кештерді жиі өткізіп тұру жоспарда бар екендігін айтты.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz