28.05.2024, 17:47
Оқылды: 62

Ашық күнде адаспаған абзал

Хақ дініміздің атын жамылып, «үй ішінен үй тіккісі» келгендердің, оларға ерушілердің жымысқы әрекеті көпті алаңдатады. Осы орайда тұрғындармен, әсіресе жастармен дәстүрлі діннің насихатын түсіндіру жұмысы Ақжайық ауданында белсенді жүргізіліп жатыр.

IMG_0866

Айталық, Чапаев ауылындағы «Өркен» коворкинг орталығында аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Айбат Төлегенов пен облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Жансұлтан Сафиуллин жас мемлекеттік қызметшілермен жүздесіп, діни ахуал, радикализм мен экстремизмнің алдын алу шаралары, ел аумағында ұйымдастырылған лаңкестік оқиғалардың себеп-салдары туралы әңгімелеп берді.

Ж.Сафиуллин дін саласын реттеу мақсатында қабылдаған «Діни сенім бостандығы» заңнамасы, қолданыстағы діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнаманың маңызы мен жауапкершілігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар, діни радикализмнен қоғамға төнген қауіп, экстремизмнің зардабы зор екенін жастарға  ескертті. Теолог облысымыздағы діни ахуалға тоқталып, сырттан келетін қауіптің жоқ емесін, теріс ағымдар ықпалында жүрген кейбіреулердің қылмысқа баруын нақты мысалдармен әңгімеледі.

IMG_0867

– Теріс діни ағымды ұстанатын жандарды кәсіби мамандар тез таниды. Ал бейхабар жүргендер, әсіресе жастар олардың арбауына тез түседі. Теріс ағымның ықпалына шырмалып, шатасып жүргенін өзіміздің салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты мойындамауынан бірден аңғарасың. Білімді деген азаматтарымыздың өздері де алданып, солардың қатарына қосылып кетіп жатады. Мысалы, көрші облысымыздағы талантты әнші, жобаларға қатысып, топ жарған жігіт теріс ағымға қалай түсіп кеткенін байқамаған. Ғимаратты жарып жіберуге жарылғыш құрал дайындау сәтінде қолға түсіп, қазір абақтыда отыр. Сирияға кеткен қаншама қандасымыз өмірімен қоштасты, – деді ол.

Сонымен қатар теолог әлеуметтік желідегі мессенджерге, «WhatsApp»-қа достардан «таратып жіберші» деп келетін түрлі сілтемеден сақ болуды айтты. Онда дінге қатысты күмәнді ақпарат болса, бірден жойып, сонымен қатар шет елге шыққанда діни кітаптарды әкелмеуді қаперледі. Бұл бәрі заң алдында жауапкершілікке әкеледі.

Дәстүрлі қай дін болмасын, жазықсыздан-жазықсыз адам өлтіруге, дінге күштеп тартуға қарсы. Демек, арамниеттілер соны біле тұра, жарылыс жасап, маңайларын үрейге бөлесе, мұның астарында діннің болуы мүмкін емес. Осылайша, олар террорлық әрекеттерінде діннің атын жамылған соң әлемдік діндерге сөз тиіп жатады. Басқосуда сөз алғандар осыған жастардың назарын баса аударды.

 

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале