Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің Бәйтерек ауданының тұрғындарымен кездесуі өтті. Переметный ауылында болған кездесуге облыстық басқарма, департамент басшылары, жергілікті атқарушы билік өкілдері, мәслихат депутаттары, саяси партия, қоғамдық ұйым, жұртшылық өкілдері қатысты.
Жиын басында ауданның инфрақұрылымын жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, инвестжобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын құру туралы бейнеролик көрсетілді. Содан кейін аудан әкімі Марат Тоқжанов Бәйтеректің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде қысқаша баяндама жасады.
Сөз алған облыс әкімі жиналғандарды өткен Наурыз мерекесімен, Рамазан айымен, Пасха мейрамымен құттықтап, Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесуін өткізу туралы» биылғы Жарлығына сәйкес мұндай кездесу жаңа форматта ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.
-Биылдан бастап облыс әкімінің халықпен кездесуі өзгеше өтуде. Мен жылына екі рет әр ауданға барып, жергілікті тұрғындармен кездесуім керек. Бүгін сондай кездесу өтуде. Көкейіңізде жүрген сұрақтарыңызды қойып, ауданды, ауылдарды дамыту бойынша ұсыныс-пікірлеріңізді айтыңыздар. Тұрғындар тарапынан қойылатын сұрақтар үш деңгейде қалатын болады. Яғни аудандық, облыстық және республикалық деңгейлер. Республикалық деңгей негізінен «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ секілді ұлттық компанияларға қатысты мәселелер болса, ондай сұрақтар құзырлы мемлекеттік құрылымдарға жолданатын болады. Жалпы бұл формат жергілікті атқарушы құрылымдардың ашықтығын, жауапкершілігін көрсетеді,- деген Ғали Есқалиев жергілікті дәрігерлерге кешегі пандемия кезіндегі еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
Әкімнің сөзіне қарағанда, өңірімізде Covid-19 белең алған шақта екі ауданға үлкен жүктеме түсті. Соның бірі – Бәйтерек. Сол кезде уақытпен санаспай еңбек етіп, дерт жұқтырғандарға медициналық көмек көрсеткен ауданның ақ желеңді абзал жандарына айтар алғыс көп.
Сәкен Әбілхалықов,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz