9.04.2026, 17:45
Оқылды: 8

Асқар Қабдолұлына туған жері құрмет көрсетті

667772255_1594474886015513_7684356708429929263_n

ҚР қоғам және еңбек ардагері, қоғам қайраткері, туған жердің жанашыры, М.Ықсанов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Асқар Атаев туған жерінің топырағын басты. Құрметті қонақты Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов күтіп алып, ілтипат білдірді.

Ауданымыз – ел тарихында өзіндік орны бар, талай дара тұлғаны түлеткен қасиетті мекен. Солардың қатарында Жәнібек ауданының «Құрметті азаматы», қоғам қайраткері Асқар Атаевтың есімі айрықша құрметпен аталады. Оның өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еңбегі – кейінгі буынға үлгі, көпшілікке мақтаныш.

Асқар Қабдолұлының еңбек жолы – табандылық пен адалдықтың айқын көрінісі. Ол жастайынан ауыл тіршілігіне араласып, еңбек мектебінен өтті. Әсіресе, 1970–1980 жылдары қызмет еткен кезеңі оның тұлға ретінде қалыптасуына ерекше ықпал етті. Бұл уақыт ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып, тәжірибелі кадрлар қалыптасқан кезеңімен ерекшеленді.

Асқар ағаның ұйымдастырушылық қабілеті мен көрегендігінің арқасында көптеген жас мамандар тәрбиеленіп, ел игілігіне қызмет етті. Замандастарының «Атаевтың шекпенінен шықтық» деп ілтипат білдіруі – оның ұстаздық болмысы мен адамгершілік келбетінің айқын дәлелі.

1996 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанымен, Асқар Қабдолұлы қоғамдық өмірден қол үзген жоқ. Керісінше, ел ішіндегі маңызды мәселелерге белсене араласып, М.Ықсанов атындағы қоғамдық қор жұмысына жетекшілік етті.

Оның қаламынан туған «Тоқсан жылдың түйіні» атты еңбек – өлке тарихын зерделеген, тағылымы мол құнды туынды. Кітапта ел дамуына үлес қосқан азаматтардың өмір жолы мен өнегелі істері кеңінен қамтылған.

Асқар Қабдолұлы – қазақ руханиятының ірі өкілдерімен дәмдес болған, тағылымды әңгімелерін тыңдап, өмірлік тәжірибе жинақтаған тұлға. Оның өмір жолында Роза Бағланова, Әсет Бейсеуов, Жұбан Молдағалиев, Ісмет Кеңесбаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды біртуар тұлғалармен кездесулер ерекше орын алады.

Кеңестік кезеңнің қатаң талабына қарамастан, халық жадындағы тарихи деректерді, әулиелі орындар туралы естеліктерді ұмыттырмай, кейінгі ұрпаққа жеткізуі – оның рухани батылдығы мен ұлттық құндылықтарға деген адалдығын көрсетеді.

Жәнібек жерінде өткен тағылымды кездесу – елге еңбегі сіңген ардақты азаматқа көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Бекбауұлы сөз сөйлеп, аудан әкімі Тимур Шиниязовтың жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар Асқар Қабдолұлы мен Нұрлан Қуанышұлына шапан жауып, құрмет көрсетті. Кездесуде Т.Жароков атындағы мектептің директоры Мереке Кубаев та сөз алып, білім ордасының 90 жылдық мерейтойына орай дайындалған төсбелгіні табыстады.

Өз кезегінде Асқар ақсақал мектеп ұжымына 100 мың теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетіп, аудан тарихында өзіндік орны бар тұлғаларға арналған арнайы кабинет ашу жөнінде маңызды ұсыныс білдірді. Бұл бастама – жас ұрпақтың тарихи танымын арттыруға бағытталған игі қадам болмақ.

Кітаптың жарық көруіне мұрындық болған редактор Нұрлан Сәдір сөз сөйлеп, еңбектің мазмұны мен тарихи маңызын кеңінен тарқатты. Ол туындының тек естелік емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі екенін атап өтті.

Сонымен қатар аудан ардагерлері де кезекпен сөз алып, Асқар Қабдолұлының ел алдындағы еңбегіне жоғары баға беріп, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Кездесу барысында айтылған ақыл-кеңестер мен тағылымды ойлар жас буын үшін үлкен рухани азық болды.

 

Дәулет Гайнуллин

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале