Соңғы жылдары елімізде намазға жығылып, ораза ұстауға ниетті, исламның хақ жолымен жүрсем деген жастардың қатары өскені рас. Қазіргі таңда олардың біразын Аллаға құлшылық ете жүріп, әскери борышын өтей ала ма? Жалпы жалпы әскерде ораза ұстап, намаз оқу дұрыс па?
Адам ИМАШЕВ, Бәйтерек ауданының құрметті азаматы, Белес ауылдық округінің тұрғыны:
-ҚР Діни қызмет Заңының 3-тарауының 7-бабында «Құдайға құлшылық ету, діни жоралар, рәсімдер және (немесе) жиналыстар ғибадат үйлерінде (ғимараттарында) және оларға бөлінген аумақта, құлшылық ету орындарында, діни бірлестіктер мекемелері мен үй-жайларында, зираттар мен крематорийлерде, жақын жерде тұратын адамдардың құқықтары мен мүдделері сақталған жағдайда тұрғын жайларда, қажет болған кезде қоғамдық тамақтандыру объектілерінде бөгетсіз жүргізіледі (жасалады). Өзге жағдайларда діни іс-шаралар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртіппен жүзеге асырылады» делінген. Ал осы баптың 3-тармағында: «Құдайға құлшылық етуді, діни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге (жасауға), сондай-ақ миссионерлік қызметті жүзеге асыруға:
1) осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың;
2) Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, сот және құқық қорғау органдарының, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен, жеке тұлғалардың өмірі мен денсаулығын қорғаумен байланысты басқа да қызметтердің;
3) діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім беру ұйымдарының аумағында және ғимараттарында жол берілмейді» деп нақты жазылған.
Ал егер менің азаматтық пікірім маңызды болса, мен қарсымын. Өйткені жас жігіттер әскер қатарында темірдей тәртіпке бой үйретіп, Отан қорғау қызметін, міндетін үйренуі керек. Үздіксіз жаттығулар орындайды. Ал демалысқа берілген уақытта тынығулары тиіс. Тың күшпен кіріскен істе әрқашан нәтиже болады. Тағы бір айтарым, «әскерге келген сарбаздардың бірінші діни ұстанымы қандай, жат ағымнан ада ма?» осыны білу аса маңызды. Мәселен ол жасырын үгіт жасап, топ құруға әрекет ету ықтималдығын да жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан оларды зерттеп, көзқарастарына байланысты қару-жарақ қоймасына, құпия құжаттарға жақындатпай, қауіпсіз қызметтерге қою керек. Командирлер осыны қатаң назарда ұстау керек деген пікірдемін.
Нұрболат КЕНЖЕҒАЛИЕВ, Трекин ауылдық округінің тұрғыны:
-Жиырма жылдай әскери салада қызмет еттім. Соның 18 жылында офицер лауазымында болдым. Осының 9 жылын Бәйтерек ауданына арнаған екенмін. Жастарды әскерге тәрбиелеу ісімен айналысып жүріп, талай оқиғаның куәсі де болдық. Түрлі жасты да көрдік. «Жастар – қоғамның қозғаушы күші» десек, ең алдымен олардың физиологиялық тұрғыдан дұрыс жетілуіне, ой-санасының айқын қалыптасуына, білім алуына, ұл балалардың бойында патриоттық, адамгершілік сезімдерді қалыптастыруға аса мән беру керек! Ал жан-жақты жетіліп қалыптасып, өмірден жолын таңдаған кезде дінге бет бұратын шағы келеді. Мектеп оқушысының ораза ұстауына, намаз оқуына қарсымын. Мені оқырман дұрыс түсінсе екен деп ойлаймын. Оразаны ұста, намазыңды оқы оның мән-маңызын жүрегіңмен ұғынатын шақта. Ал көппен бірге үдере қосылу, сәнге айналдыру мүлде дұрыс емес. Ислам бұл адамзатты мейірімділікке, мәдениетке, кемелдікке тәрбиелейді. Сондықтан «балаға намаз оқы» демес бұрын алдымен оған өзін қоршаған ортаға мейірімділік танытуды, үлкенге ізет білдіруді, ата-ананы құрметтеуді, Отанын сүюді үйрету керек. Ал әскер қатарына қосылған кезде ер жігіт Отан алдындағы парызын абыроймен өтеп оралуды ойлауы шарт! Менің көзқарасым осы.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz