Өз елінің патриоты болу, әскерге барып, еліне қызмет ету – әрбір қазақстандық жастың міндеті.
Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысар. Ел қорғауға аттанған ердің ата-анасы баласынан әр хабарды асыға күтеді.
Биылғы көктемгі шақырылуда әскер қатарына Сырым ауданының Жетікөл ауылынан Сұлтан Әлжанұлы Отан алдындағы абыройлы міндетін өтеуге аттанды.
Жуырда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы, 6655 әскери бөлімінің командирі, полковник М.Турдалиннен Сұлтанның ата-анасы Әлжан Меңдіғалиұлы мен Айгүл Қажғалиқызына алғысхат келіп жетті. Сырым ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Абат Дюсембиев, Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұханов, бас маман Аяпқали Ханғожин сарбаздың үйіне арнайы барып, алғысхатты табыс етті. Ұлдарының Қазақстан Республикасы қарулы қорғаушысының қасиетті борышын адал және абыроймен орындап жатқанын, жауынгерлік қызмет міндеттерін сапалы әрі жоғары жауапкершілікпен атқарып жүргендігін естіген ата-ананың қуанышында шек болмады. Сұлтандай тәрбиелі ұл өсірген ата-ана, жауапкершілігі мол жас сарбаз басқаларға да үлгі. Мамырдың мамыражай күнінде ана мен баланың қауышуын көруді жазсын!
Айман Жұбанова,
"Сырым елі" газетінің штаттан тыс тілшісі