14.02.2024, 16:45
Оқылды: 82

Әскерге барғандарға жеңілдіктер бар

Қазақстан әскері қатарында ел тыныштығы үшін қызмет ету әрбір азаматтың парызы. Мерзімді негізде Қарулы күштер сапына тұрған азаматтар бір жыл бойы әскери өмірдің қыр-сырын үйренеді.

c8f679ee-0f53-47a2-83c5-4c5f85827266

Теректі аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Қадырбек Бегманов (фотода) кезекті мерзімдік шақырту тәртібі, әскери қызмет және оқу жайындағы сұрақтарға жауап берді.

-Қадырбек Төребекұлы, жылына екі мәрте, көктемде және күзде жастар мерзімді әскерге шақырылады. Соған байланысты ауданда қандай шаралар жүріп жатыр?

- 2024 жылдың көктемінде мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиісті азаматтармен дайындық жұмысы басталды. Ауылдық округтерге арнайы шығып, шақырылушы және ата-аналарымен жеке кездесеміз. Мақсатымыз - азаматтарды іріктеп, әскер түрлеріне бейімділігі мен жарамдылығын айқындау, білім, дене дайындығы деңгейін және моральдық-іскерлік қасиеттерін анықтау.

-Әскерге шақырту тәртібі қандай?

-Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар, сондай-ақ оқу орындарынан шығарылған, жиырма жеті жасқа толмаған және әскерге шақыру бойынша әскери қызметтің белгіленген мерзімдерін өткермеген азаматтар, аудандық және облыстық қорытынды бақылау комиссиясынан «жарамды» болып танылған әскерге шақырылушылар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері және басқа да әскери құралымдарына мерзімді әскери қызметке наурыздан бастап шақырылады. Олар шақыру қағазын алғаннан кейін шақыру қағазында көрсетілген құжаттарды өзімен бірге алып, нақты белгіленген күні шақыру пунктіне келуі міндетті. Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес ұйымдардың басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды iс-сапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуге және медициналық куәландырудан өткізу үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуiн ұйымдастыруға міндетті. Ал мерзімді əскери қызметке шақырылуға жататын азаматтардың медициналық комиссиядан өту кезеңінде жергілікті əскери басқару органдарына шақырту туралы шақыру қағазы болған кезде – жұмыс орны (лауазымы), жұмыс орны бойынша жалақысы, ал мерзімді əскери қызмет өткеру кезеңінде жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

улан жп улан тусирген (2)

Фото Ұлттық Ұланның 5517 әскери бөлімінен

- Әскерге шақырту кезінде бас тартқан немесе келмей қалған азаматтар ауданда бар ма? Олар қандай жауапкершілікке тартылады?

- Біздің ауданда ондай жағдай болған емес. Мерзімді әскер қатарына шақырылған азаматтар Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруда. Жалпы ер баланы әскерге ерте бастан дайындау керек деп ойлаймын. Бұл орайда мектептегі алғашқы әскери дайындық сабақтары, әскери-патриоттық тәрбиелеуге бағытталған шаралардың берері көп. Ал сіз айтқандай жағдайлар болмас үшін жасөспірімді әскерге дайындаумен қатар, Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарған адамға қатысты қолданылатын заң-шаралар бар екенін жеткізе айту да керек. Нақты, егер азамат әскерден әдейі бас тартса, 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 100 АЕК (3 692 000 теңге) дейін айыппұл салынады. Ал егер өзінің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, соны сылтауратып әскерге барудан жалтарса, 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады немесе 3000 АЕК (11 076 000теңге) дейін айыппұл салынады.

- Денсаулық жағдайы немесе әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған азаматтар үшін қандай мүмкіндік бар?

- ҚР ҚМ «Әскери техникалық мектебі» РМҚК филиалына әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы бойынша 24-27 жас аралығында, бұрын сотталмаған, денсаулық жағдайы бойынша жарамды немесе шектеулі жарамды және мерзімді әскери қызметке шақыру мерзімі кейінге қалдырылған әскерге шақырылушылар (денсаулық жағдайынан басқа) 40 күндік оқуға алынады. Оқу ақылы. Бұл жерде ақысыз негізде көлік жүргізушісі мамандығын алуға болады. Ол курсанттар мамандық алған соң әскерге шақырылады.

- Әскери тәртіп ұнап, «мен әрі қарай әскер қатарында келісім шартпен қызмет еткім келеді» дейтін жігіттер бар ма?

- Көптеген теректілік азамат келісім шарт бойынша қызмет атқаруда. Техникалық және кәсіптік, жоғары білімі бар және қызмет өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілер «Әскери қызмет өткеру қағидаларында» айқындалатын келісім шарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы. Ниет білдірушілердің азаматтығына, біліміне, жасына, денсаулығына, адами қасиеттеріне және тағы басқа қойылатын талаптар бар.

Талаптың бәріне сәйкес келген азаматпен келісім шарт жасалады және де әлеуметтік жағынан қамтамасыз етіледі. Оның ішіне киім-кешек, тамақтану (кезекшілік уақытында), еңбек демалысы, сауықтыру төлемақысы, тұрғын үймен қамтамасыз ету, өзіне және отбасына тегін медициналық қызмет, тағы басқа жеңілдіктер қаралған. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, әскери қызметшілердің балаларына мектепке дейінгі мекемелерден бірінші кезекте орын беріледі. Келісімшарт бойынша 8 жылдан кейін таңдаған оқу орнына түсу құқығы мен жоғары білім алу үшін мемлекет есебінен 50% төлем алу мүмкіндігі беріледі.

- Қадырбек Төребекұлы, соңғы 2-3 жыл ішінде мерзімді әскерге барғандарға жеңілдіктер беру, сол арқылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру және Отан алдындағы борышын адал атқарған жастарға қолдау көрсету мақсатында бірқатар жеңілдік енгізілді. Солар жайлы айтып берсеңіз...

-Иә, мерзімді әскерге барғандарға жақсы қолдау тетіктері бар. Атап айтсақ, оларға төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған:

-армияда қызмет еткендер үшін ҰБТ есебінсіз мемлекеттік гранттар алу мүмкіндігі;

-азаматтың ақылы немесе грантта оқитынына қарамастан, жатақханада тұруға басым мүмкіндік;

-жұмыстан босатылған күннен бастап 1 жыл ішінде мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу негізінде ҰБТ мен емтихан нәтижелерін есепке алмай, жоғары әскери, арнаулы оқу орындарына түсу;

-ҰБТ мен емтихан нәтижелерін есепке алмай, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына жұмыстан шығарылған күннен бастап 2 жыл ішінде өтеулі негізде түсу;

- несиелік демалыс, яғни, негізгі борыш пен сыйақы бойынша, қызметтің бүкіл кезеңіне төлемді кейінге қалдыру;

- мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу негізінде Қазақстанның жоғары оқу орындарына квота бойынша түсу;

- әскери кафедраға конкурстан тыс түсу мүмкіндіктері қарастырылған.

Тегін білім алатын әскери қызметшілерді іріктеу жауынгерлік даярлық бағдарламасын меңгеру, жеке тәртібі, арнайы міндеттерді орындауы, психологиялық жай-күйін есепке алып жүргізіледі.

- Жастайынан «әскери боламын» деп армандайтын жасөспірімдер бар. Алдағы жазда мектеп бітіріп, әскери оқуға түсемін деген жастарға не айтасыз?

-Қазір өздерінің болашағын әскери мамандықпен байланыстыруға құштар жастар аз емес. Бұл - өте қуанышты жайт. Офицер боламын деген үміткерлер төмендегі оқу орындарында әскери мамандықты игере алады.

Әскери орта білім беру құрамына Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында орналасқан әскери колледждер және «Жас ұлан» республикалық мектептері кіреді. Ш. Уәлиханов атындағы Әскери колледжде техникалық және кәсіптік білім беріледі. Жоғары әскери білім алу үшін Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институтында оқу қажет.

Әскери оқуға түскендерді толық мемлекет қарауына алады. Яғни оның ішінде киім-кешек, медициналық қызмет көрсету, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету, тұрғын үйді жалға алу немесе сатып алу үшін ай сайынғы тұрғын үй төлемдерін беру қарастырылған.

Аталған оқу орындарына түсу үшін қажетті құжаттар мен білім деңгейі туралы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге немесе жергілікті мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдеріне жолығыңыз.

-Осы жерде запастағы офицерлердің әскери қызметке шақырылуына да тоқталып өтсеңіз?

- Биыл да запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру көзделген.  Яғни, әскери қызметке жарамды және оны өтемеген запастағы офицерлер белгіленген тәртіппен 24 ай мерзімге әскери қызметке офицерлік лауазымдарда әскери қызмет өткеруге шақырылады. Соған сай, аудан бойынша әскери есепте тұрған (29 жасқа дейінгі ер азаматтар, медициналық мамандар 32 жасқа дейін) запастағы офицерлердің жеке істерімен танысып жатырмыз. Әзірге оларды қорғаныс бөліміне шақырып, мамандықтарына сәйкес зерделеу жұмысы жүргізілуде.

Жалпы мерзімді әскери қызметке шақырылу және әскери міндеттілер, келісімшарт бойынша қызметке шақырылғысы келетін, әскери оқу орындарында оқығысы келетін азаматтар аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге келіп немесе 21-3-41, 23-1-14 байланыс телефонымыз арқылы барлық сұраққа толық мәлімет алуға болады.

- Сұхбатыңызға рахмет.

Камелия Қарекесова,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале