Қазақстан Армиясы 1992 жылы құрылды. Еліміздің Қарулы күштері үш түрлі құрылымнан тұрады. Олар: Құрлық әскерлері, Әуе қорғаныс күштері және Әскери-теңіз күштері. Халықаралық сараптама бойынша, Қазақстан әлемдегі әскері мықты 100 елдің қатарында екен.
Фото: Ақ Жайық сайтынан
1 наурызда көктемгі әскерге шақырту науқаны басталды. Науқан наурыз-маусым айлары аралығында өтеді. Наурыз айында шекара қызметіне баратындар іріктеледі. Сәуір мен мамыр айларында қорғаныс министрлігіне, ал маусым айының аяғына дейін Ұлттық ұланға баратындар таңдалады. Көктемгі әскерге шақыртуға ауданымыздан 70 жас жігіт отан алдындағы борышын өтеуге аттануы тиіс. Биыл 1 шілдеге дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 18 мыңнан астам ер адам Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері мен басқа да әскери құрылымдардың қатарына қосылуы тиіс. Қазіргі уақытта сарбаздар бір жыл ғана қызмет етеді. Әскерге келу кезеңінде әскери міндеттілер әртүрлі бөлімшелерге бөлінеді. Әскер қатарына шақырылғандардың кейбіреулерінің әр түрлі себеппен отан алдындағы борышын өтеуден босатылатыны да бар. Бірінің денсаулық жағдайы келмесе, енді бірі оқуда және тағы басқа. Жоғарғы оқу орнына түскен жігіттердің шақыртуы оқуы аяқталғанша кейінге шегеріледі.
- Қазір көктемгі әскерге шақырту науқаны өтуде. 2-3 күн бұрын ауданымыздан Қапшағай қаласындағы десанттық-шабуылдау әскеріне 5, ал шекара қызметіне 1 адам аттанды. Шақырту науқаны басталмас бұрын біз әрбір әскери міндеттіні тексереміз. Біз әскерге шақырту жібергеннен кейін аудандық әскери бөлімшеге келмейтіндер өте көп. Олар егер бөлімшеге барсақ, бірден әскерге алып кетеді деп ойлайды. Негізінде біз оларды бөлімшеге шақырып, алдымен әңгімелесеміз. Ауылдарға да барып, барлық жасы жеткен жігіттермен және олардың ата-анасымен сөйлесеміз. Олардың оқуда екендіктерін білсек, оқу орнынан құжат сұратамыз да бітіргенше күтеміз. Кей кезде тұрақты мекенжайлары Бөрлі ауданында, ал өздері Орал немесе еліміздің басқа қалаларында жүретін кездері болады. Ондай жағдайда біз полиция қызметкерлеріне көмекке жүгінеміз. Көбіне әскерге 18-23 жас аралығындағы жас жігіттер аттанады. Ал қалғандары сирек кездеседі. Осы жақында 25 жастағы үйленген жігіт әскерге кетті. Одан не себепті әскерге бара жатырсың деп сұрағанымызда, әскери борышымды өтегеннен кейін әрі қарай осы жолды жалғаймын деді. Әскерден кейін тұрақты жұмыста жасап, отбасымды асыраймын деп айтты. Қазіргі уақытта әскери қызметшіге арналған жеңілдіктер, мемлекеттік көмектер бар. Кезінде әскери оқу орнына тапсырып, түсе алмаған екен. Сондықтан әскерге барып, келісімшарт бойынша қалуды шешкен. Ата-анасы мен жолдасы қарсы еместігін де айтып өтті. Негізінде әскерден кейін әрі қарай осы жолды жалғаушылар өте аз. Шекара қызметіне денсаулық жағдайына және өздерінің қалауы бойынша іріктеледі. Ең алдымен оларды шақырып, медициналық тексерістен өткізіп, сауалнама толтырамыз. Сонымен қатар өзі және туысқандары ешқандай қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған болуы тиіс. Егерде осы шарттардан өтіп тұрса, шекара қызметіне алынады, - дейді 3 сыныпты сержант, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің жасақтау бөлімшесінің бастығы Арман Қалиев. Сонымен қатар Арман Сапарұлының айтуынша, жастар көп жағдайда денсаулығының нашарлығынан әскер қатарына қабылданбай жатады. Жасөспірімдердің әлсіздігімен қатар, бойы мен салмағының сәйкес келмеуінің өзі әскер қатарына қабылдануға кедергі келтіреді екен.
Әскерге денсаулық жағдайының кесірінен бара алмайтындар өте көп. Көбінесе кездесетін ауру түрлеріне негізінен, көздің көру мүмкіншілігі, кеуде деформациясы, қан қысымы және жүрек ақауы жатады, - деп айтып өтті Арман Сапарұлы.
- Мен жоғарғы оқу орнымды аяқтағаннан кейін әскерге аттандым. Әскери борышымды 22 жасымда Алматы облысындағы әскери бөлімшеде өтедім. Басында ата-анам қарсы болды. Кішкентай кезімнен өте бұзық балалардың бірі болдым. Әскерде өткізген бір жылдың ішінде есейдім деп айта аламын. Ойлап қарасам, әскерге барған және келген Талғаттың арасы жер мен көктей. Бір жыл ішінде көп нәрсені үйрендім. Отбасыңнан жырақ болып, олардың мен үшін қадірі арта түсті. Әскерде жүріп, қатаң тәртіп пен жүйеге бағындым. Мен үшін ең қиыны түнгі кезекшілік болды. Келесі күні жататын уақытта шаршағаннан бірден ұйқыға кетесің. Әскерге барып келгеніме еш өкінбеймін, - дейді қала тұрғыны Талғат Қадыров.
Қазір әскерге барушылар өте аз екенін бәрі біледі. Біреулері әскери тәртіптен қорықса, енді бірі амал жоқтан барады. «Әскерге барудың қажеті жоқ» дейтін жастар өте көп. Қазіргі уақытта жоғарғы оқу орындарында әскери кафедралар бар. Көбісі осы әскери кафедраның дайындық сыныбынан өтіп, лейтенант атағын алуды қолайлы көреді.
- Колледж бітіргеннен кейін әскерге аттандым. Жамбыл облысындағы бөлімшеде болдым. Қазіргі уақытта жоғарғы оқу орнында оқимын. Шақырту қағазы келген кезде, не істерімді білмедім. Анам жібермейді деп те ойладым. Бірақ әскерге барамын деп шешкен кезде, үй ішім қарсы болмады. Керісінше отан алдындағы азаматтық борышыңды абыроймен өтеп кел деп баталарын беріп, аман-есен қайтып келуімді тіледі. Бір жылдың ішінде тез қимылдауды, бастаған істі соңына дейін апаруды үйрендім. Еліміздің әр ер азаматы әскерге баруы тиіс деп ойлаймын, - деді әскери борышын өтеп келген Қанат Хамитов.
Жастардың әскер туралы ойлары әр түрлі. Бірі әскерге бару міндетті деп санаса, енді бірі міндетті емес дейді. Болашақта елімізге қауіп төнген жағдайда отан қорғауға әр ер азамат дайын болуы тиіс емес пе? Әскер қатарына бармаған азаматтың қасында әскерде болып, шыңдалып келген азаматтың бір иығы жоғары тұратынына келісетін шығарсың?
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz