5.05.2023, 20:26
Оқылды: 107

«Әскерге бару - даңқ, Отанды қорғау - міндет»

Отан қорғаушылар күні қарсаңында Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімінің басшысы, подполковник Қуат Мателиевпен кездестік. Екеуара әңгімеміз әскерге барғысы келмейтін бозбалалардан басталды. Кейбір әскери бөлімдерге келеңсіздіктерден соң ата-аналар да балаларын Армияға жібергісі жоқ.

 WhatsApp Image 2023-05-05 at 18.23.35

        -ҚР Конституциясының 36-бабында жазылғандай, Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Яғни бұл жерде әскерге «барады не бармайды, жіберемін не жібермеймін» деген сөз жоқ. Егер бозбала 18 жасқа толса, денсаулығында кінәрат болмаса, басқа да жағдайлары үйлесіп тұрса, ол баруға міндетті. Қазір әсери бөлімдердегі ішкі тәртіп қатаң. Талап бәріне бірдей. Бұрын келген не кейін келген деп бөлінуге жол берілмейді. Барлық әскери бөлімнің іші-сырты бірдей, яғни 90 пайыздай бейнебақылау камераларымен қамтылған. Отан қорғауға аттанғандар аман-есен келіп жатыр емес пе? Мәселен, былтыр көктемде ауданымыздан 65 бозбала аттанса, бүгінде солардың оннан астамы келді. Көп кешікпей қалғандары да оралады. Менің осында қызметке келгеніме екі жылдан асты. Осы аралықта да, бұрын да біздің ауданымыздан әскерге аттанған жастарымызға қатысты ешқандай келеңсіздік болған емес.

- Қуат Досымбекұлы, қазіргі таңда ауданымызда әскерге барғысы келмей, бойтасалап жүргендер бар ма?

        -Бар әрине. Шақыру қағаздарын алмай, жалтарып жүргендер бізге полициямен жеткізіледі. Оларға бірінші ескерту беріледі. Егер одан әрі тыңдамай, армиядан бас тартып, қасақана қашып жүретін болса,  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 647 және 649-баптарына сәйкес 10 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Медициналық комиссияның шешімімен қосымша емделуге жіберілген азамат емделмей жүрсе, аталмыш кодекстің 648-бабы бойынша оған да айыппұл қарастырылған. Өткен жылы 8 бәйтеректік азаматқа ескерту беріліп, 2-уіне айыппұл салынды. Ал әскерге бармаймын деп жалтарып жүргендер ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес іс-шаралар қолданылады. Нақтылап айтқанда, 1 мың есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе бір жылға бас бостандығынан айырылады, одан қалса 200 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады.

WhatsApp Image 2023-05-05 at 18.23.39

-Осындай жаза алғандар бар ма?

        -Біздің бөлім 2020 жылы Бәйтерек және Тасқала аудандарының біріктірілген қорғаныс істері бөлімі болып қайта құрылған болатын. Сол жылдың көктемінде Тасқала ауданындағы бір азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес іс қозғалды. Ал Бәйтерек ауданында ондай болған жоқ.

-Егер бозабала әскерге бармаймын деп тұрса, оған кім кінәлі: ата-анасы ма, мұғалімі ме, қоғам ба?

        -Бұл жерде қоғамды, өзгені кінәлау дұрыс емес шығар.  Бірінші кезекте, кінә – өзінен. «Әскерге бармаймын» деп қасарысып тұрған бозабаламен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент жанынан құрылатын медициналық комиссияның психологтары сөйлеседі. Ондай азаматтарды әскерге жіберу не жібермеу туралы шешімді мандаттық комиссия қабылдайды. Құдай шүкір, мұндай азаттар бізде болған жоқ. Жалпы әскерге бару даңқ, Отанды қорғау міндет екендігін бірінші кезекте ата-анасы баласына ұғындыра білгені жөн деп ойлаймын.

-Бәйтерек ауданы бойынша әскер жасындағы азаматтар саны қанша? Олардың ішінде осы көктемгі шақырылымда қаншасы Отанға қорғауға аттанбақшы?

-Ауданда 18 бен 27 жас аралығындағы 2 мың жуық азамат бар. 30 наурыздан 1 маусымға дейін жүретін көктемгі шақырылымда кейінге қалдырылуға жатпайтын, яғни студенттер, үйленгендер, мұғалімдер, т.с.с.айтпағанда 400-ге жуық азамат әскерге алыну тізінде бар. Олардың бәрінің бірдей денсаулығы жарамды деп айтуға болмайды. Әскерге дені сау, тиісті талаптарға сай жігіттер алынады. Осы шақырылымда 50-60 бәйтеректік Отан қорғауға аттанбақшы. Қазіргі таңда оның төрттен бері кетті. Әскерге алынатындар ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты десанттық-шабуылдау, танк әскери бригадаларына, артилерия, жаяу, теңіз-әскери күштеріне, ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы және Мемлекеттік күзет қызметіне қарасты бөлімдерде қызмет ететін болады.

WhatsApp Image 2023-05-05 at 18.23.41

-Бәйтеректік ұландардың өзге аудандардағы жастардан ерекшелігі бар ма?

-Аудан аумағы қаланы қоршай орналасқандықтан тұрғын саны көп. Өңіріміздің барлық ауданынан көшіп келгендер, қоныс аударушылар аз емес. Сол себепті әскер жасындағы жастардың саны бойынша Оралдан кейінгі орындамыз. Ауданда түрлі ұлт өкілдері тұрады. Әскер жасындағылар көп ұлттылығымен де ерекшеленеді. Бәйтеректік жастар көбіне екі тілге жетік. Бұл әскери борышын өтеген кезде көп жеңілдік береді. Көршілес елдермен бірлескен әскери оқу-жаттығуларға және өзге де шараларға еркін қатыса алады. Сондай-ақ бәйтеректік жастар көптеген спорт түріне бейім келеді. Жалпы спортты жанына серік еткендердердің әскерге баруға да ынтасы жоғары. Мәселен, былтыр Дариян ауылынан бір отбасының екі спортшы баласы әскерге аттанды.

-Спортшы жігіттерге әскери қызметін өтеу жеңіл бола ма?

        -Әрине, спорттың адам өміріне, қызметіне пайдасы көп қой. Жалпы әскерге алынғандар қай салаға бейім болса, негізінен сол бағытта қызмет етеді. Мәселен, спортшылар түрлі әскери сайыстарда өздері қызмет атқаруға келген әскери бөлімнің намысын қорғайтын болады. Сол себепті олар әскери қызметінен босаған бойда спорт залдан табылады. Ал ІТ мамандар өз саласы бойынша қызмет атқарады. Журналист болса, идеологиялық бағыттағы жұмыстарға тартылады.

-Маман демекші, қазіргі таңда әскери бөлімдерге негізінен қандай кәсіп иелері қажет?

        -Өздеріңіз білесіздер, жыл өткен сайын еліміздің қорғаныс саласы да дамуда. Түрлі әскери техникалар мен технологиялар алынуда. Солардың «тілін» білетін инженерлерге деген сұраныс жоғары. Цифрландыру бағында көп жұмыс атқарылуда. Сол себепті ІТ мамандар, бағдарламашыларға қажеттілік бар. Мезімді әскери қызметке алынған арнайы орта білімді жастар азаматтық борышын өтеген бір жыл ішінде жақсы қырынан көзге түссе, олардың келісімшарт негізінде әскери бөлімде қалуына мүмкіндік берілді. Мұндай жастар ҚР ҚМ Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында оқып, жоғары білім де ала алады. Сөйтіп ол болашақта еліміздің Қарулы күштерінің білікті те белді маманына айналуына мүмкіндік бар.

-Енді мектепке келейікші, аудандағы білім ұялардындағы алғашқы әскери дайындық пәнінің жүруі көңіліңізден шыға ма, мамандар толық па, материалдық-техникалық базалары қандай?

        -Аудан мектептеріндегі әскери-технологиялық пәннің жүруіне қанағаттанарлық баға беремін. Сабақ аудандық білім бөлімі мен біздің бөлім бірігіп дайындаған оқу жоспарына сәйкес жүруде. Аудандық білім бөлімі алғашқы әскери дайындық бағытындағы материалдық-техникалық базаның дамуына жіті көңіл бөлсе дейміз. Жақсы базасы бар мектептер бар. Ал кейбіріндегі жағдай мәз емес. Ауданымыздағы орта мектептердің бесеуінде ғана маман жоқ. ҚР Қорғаныс министрілігі мен ҚР Білім министрлігінің біріктілген бұйрығына сәйкес, алғашқы әскери дайындық пәнінен арнайы жоғары, арнаулы білімі бар, әскерде болған жан ған сабақ беруі керек. Және оларды жұмысқа аларда білім бөлімі мен мектеп басшылығы жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөлімге әңгімелесуге жіберуі тиіс. Бұл бағытта аудандық білім бөлімімен бірлесе жұмыстар атқарудамыз.

-Мектептердегі әскери-патриоттық бағыттағы тәрбие қандай?

        -Мұндай жұмыстар барлық мектепте жүреді ғой. Дегенме де арнайы клубтың болғаны жөн. Бұл бағытта ҚР Президентінің тапсырмасы да бар. Соған сәйкес Трекин ауылындағы Қадыр Мырза Әли мектебінің базасында «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы құрылып,  жұмыс істеуде. Онда тәрбиеленушілерге отаншылдық, елжандылық, ерлік туралы жан-жақты тәлім-тәрбие берілуде. Жас сабарбаздар облыстық деңгейдегі түрлі сайыстарда аудан намысын абыроймен қорғап жүр. Сол себепті ауданның өзге мектептерінде де осындай әскери-патриоттық клуб ашу өзекті.

-Жастардың денсаулығына келсек, қандай аурулар көп кездеседі?

        -Медициналық тексеріс кезінде бозбалалардың, жастардың бойынан жүрек-қан тамыры, бүйрек сынды іш құрылысы аурулары көп анықталады. Одан қалса, көз көрмейтіндер қатары соңғы кезде көбейіп кетті. Сондай-ақ салмақ пен бойдың сәйкессіздігі, май табан, скалиоз сынды дерттер де кездеседі.

-Мереке қарсаңында әріптестеріңізге, жалпы ел қорғанында жүрген отандастарыңызға айтар тілегіңіз...

        - Еліміз егемендік алып, Қарулы Күштеріміздің құрылғанына 30 жылдан асты. Осы кезеңде айбынды армиямыз қалыптасты. Әсеріміз қастерлі Тәуелсіздігіміздің және мемлекеттілігіміздің мызғымас қорғанына айналғаны анық. Бейбіт өмір мен тыныштықты, жеріміздің тұтастығын сақтау үшін қызмет етіп жүрген әріптестерімді, барша жауынгерлерді және елжанды азаматтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін. Аспанымыз ашық, дұшпанымыз қашық болсын!

 

Сұхбаттасқан: Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

Суреттер: ашық дереккөзден

zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале