ҚР Қорғаныс министрлігінің азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатындағы жобасы аясында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген жастар жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік алды.
Отан алдындағы борышын оң нәтижемен өтегендер бүгінде тегін грант иегері атанып жатыр.
Мұндай жеңілдікке ие болған жастар қатарында бәйтеректік Салауат Самиғолла да бар.
Ол әскери борышын өтеп, Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне оқуға түсті.
Салауат Нұржанұлы 2002 жылы Тасқала ауданында дүниеге келген. Кейіннен отбасы Бәйтерек ауданы Переметный ауылына қоныс аударады. 2019 жылы 9-сыныптан кейін Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық колледжінде электрик мамандығына оқуға қабылданған. 2022 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында өтеді.
- Отбасында жалғыз ұлмын. Анам Гүлхан Бабатаева мен әскерге аттанарда, әрине, қатты қобалжыды. Өйкені, ол кісінің сенері де, тірегі де қамқоршысы да – менмін. Алайда өз басым азамат Отан алдындағы міндетін өтеу керек деп есептеймін. Алғашқы кезде туған жерден, жанұядан жырақтау түсініксіздеу сезім тудырғаны рас. Үйге деген сағыныш кернеген сәттер де болды. Дегенмен, оның бәрі өтпелі нәрселер. Түйгенім, әскерге 18 жастан дер шағыңда барған дұрыс екен. Менімен бірге құрдастарым 2002, 2001 және 1997 жылғылар да барды. Біздің шақырылым ересек жігіттерден болды. Жасым үлкендеу болғасын шығар еш қиындық тудырған жоқ.
«Әскердегі әлімжеттік, үлкен жастағылар тарапынан қысым көрсету жоқ па?» деген сауалыңызға қатысты айтар едім барлық жерде бейнебақылау қамералары орнатылған. Сонымен қоса денеңді күн сайын тексереді. Қай жастағы сарбаз болмасын қадағалау, тәртіп-талап бірдей. Сондықтан олай үрей тудырудың қажеті жоқ. Әскерде қандай дағды қалыптасты? Тәртіп қатаң. Таңғы алтыда тұрамыз. Таңда жүгіреміз, жаттығу жасаймыз. Сағат 7-де ауқаттанамыз. Тамақтан кейін бекітілген кестеге сай түрлі іспен шұғылданамыз. Айта кетер жайт, әскерге барып келгендерге қазіргі таңда бірқатар жеңілдік қарастырылған. Несиесінің төлеу мерзімін шегеру, ҰБТ-ны есепке алмай ЖОО-на түсу сынды. Әскерге аттанғанда менің мойнымда несие болған жоқ. Ал ондағы дене жаттығулары, жауынгерлік дайындық және тәртібіміз бойынша сертификат беріліп, нәтижеміз ЖОО-ға жіберілді. Біздің әскери бөлімнен 30 жауынгер грант ұтып алдық. Мен Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетке оқуға түстім. Жазға қарай оңтүстік астанаға жол жүргелі отырмын. Анам қарсы емес, қайта қуанышты. Мұнай-газ немесе энергетика факультетін жалғастырамын деген ойдамын. Алайда барып, зерттеп қарағаннан кейін таңдаудың өзгеруі де ғажап емес. Бұл енді, Алла қаласа, болашақтың еншісіндегі жоспарлар. Сондай-ақ, бізге әскери оқу орындарында білімімізді жалғастыру немесе келісім шартпен әскери қызметке қалу да оңай әрі тиімді болар еді. Әскерге барғысы келетін жігіттер бәрі адамның өзіне байланысты екенін білуі керек. «Ер азамат сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек» демекші, әскерде өнер, шығармашылық, спорттық тұрғыдан да адамның жаңа қырлары ашылады, - дейді Салауат.
Қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігімен 50-ден аса білім ордасы арасында жасалған мәміле аясында жас сарбаздардың офицер шенін алу үшін әскери кафедраларда ақысыз білім алу жүйесі де қарастырылған. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін сарбаздарға әскери борышын абыройлы өтеу міндеті қойылып отыр. Сондай-ақ физикалық және психологиялық тұрғыда шыныққан болуы қажет. Қай тұсынан қарасақ та жас ұланға ұтымды жоба өміршең болғай дейміз.
Гүлжаз Баделова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz