12.08.2025, 16:15
Оқылды: 251

Әскери дайындық - ел қауіпсіздігінің тірегі

Әр қадам — батылдықтың, бірліктің және тәртіптің белгісі. Әскери міндеттілер бейбітшіліктің сақшылары ел қорғандары. Батыс Қазақстан облысы әкімінің 2025 жылғы 19 ақпандағы №5 қаулысына сәйкес, 2025 жылдың 11-20 тамыз аралығында Казталов ауданында әскери арнайы-тактикалық оқу-жаттығулар бастау алды. Аталған жиын — өңірдегі әскери міндетті азаматтардың дайындық деңгейін арттыру, төтенше жағдайларда шұғыл әрекет ету қабілетін нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара.
image-11-08-25-10-16-1
Жаттығуларға Казталов ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бойынша 103 әскери міндетті қатысуда. Оның ішінде 11 офицер, 92 сарбаз бен сержанттар бар. Сонымен қатар көршілес Жәнібек ауданынан да дәл осындай құрамда — 103 әскери міндетті тартылып отыр.
Казталов ауданында әскери міндетті азаматтарға арналған арнайы-тактикалық оқу-жаттығу жиынының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім, жергілікті атқарушы орган өкілдері, шақырылған әскери міндеттілер мен сала мамандары қатысты. Шара барысында арнайы шақыртылған әскери міндеттілер таңғы сағат 5:00-ден бастап тіркеуден өтіп, әскери форма киіп, сапқа тұрды.
Салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі міндеттері мен әскери резервтің рөлі жөнінде сөз қозғалды. Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде мұндай жаттығулардың маңызы зор екені айтылды. Әскер қатарына тіркелген азаматтар арнайы форма киіп, әскери сапқа тұрды.
image-11-08-25-10-16
Ашылу салтанатында Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, Орал гарнизонының бастығы полковник Расул Закиров, облыс әкімінің көмекшісі полковник Мақсат Мұқанов әскери дайындықтың стратегиялық маңызына тоқталып, бұл оқу-жаттығулардың еліміздің қорғаныс әлеуетін арттыруда шешуші рөл атқаратынын жеткізді.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы: - Бүгін біз ауданымыз үшін ерекше мәнге ие шараның – аумақтық әскери-тактикалық оқу-жаттығулардың ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл оқу-жаттығулар – бейбіт күнде де ел қорғанысын ойлайтын, Отан алдындағы борышын абыроймен атқаруға дайын азаматтардың бірлігін, ерік-жігерін, кәсіби даярлығын шыңдайтын маңызды кезең. Мемлекет басшысы атап өткендей, ел қауіпсіздігі – әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі жаттығулар тек әскери машықты жетілдірумен шектелмейді, ол – біздің ортақ Отанымызға деген сүйіспеншіліктің, жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Казталов және Жәнібек аудандарынан келген 206 әскери міндеттінің сапқа тұруы – бұл елдік бірліктің, ауызбіршіліктің жарқын үлгісі. Қатарларыңызда тәжірибелі офицерлер де, жауынгер сержанттар да бар. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, білім мен тәжірибенің жалғасуының кепілі. Біз бейбіт өмірдің бағасын білеміз. Бірақ бейбітшілікті сақтау – күшті қорғаныс қабілетіне, мықты рух пен темірдей тәртіпке негізделеді. Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай: "Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды". Бұл сөз – әрбір сарбаздың жадында берік сақталуы тиіс өсиет. Сіздер бүгін өзіңіздің жауынгерлік өнеріңізді шыңдап, кез келген сәтте елді, жерді, жұртты қорғауға дайын екеніңізді дәлелдейтін боласыз.
Құрметті сарбаздар!
Сіздің әр қадамыңыз – ұлттың қауіпсіздігіне қосылған үлес, әрбір машықтану сәтіңіз – Отанға деген адалдықтың белгісі. Бүгінгі жаттығуларда табыс тілеймін! Саптарыңыз берік, рухтарыңыз асқақ болсын!, - деді сөзінде.
image-11-08-25-10-16-3
Салтанатты рәсімнен кейін әскери міндеттілер аудан сыртындағы арнайы белгіленген оқу-жаттығу лагері аумағына бет алды. Онда әскери-техникалық дайындық, тактикалық қозғалыс, саптық және атыс дайындығы, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық сабақтар ұйымдастырылды. Сондай-ақ лагерьде тәртіп пен әскери ережелерге сай күн тәртібі сақталып, нағыз жауынгерлік рух қалыптастырылды.
Бұл оқу-жаттығу жиыны тек әскери машықты шыңдау емес, сонымен қатар азаматтардың елге деген патриоттық сезімін арттыруға, бірлік пен ұйымшылдықты нығайтуға бағытталған. Қатысушылар Отан алдындағы борышты сезіне отырып, өз міндеттерін үлкен жауапкершілікпен орындауға ниетті екенін жеткізді.
- Бүгін таңғы сағат 5:00-де арнайы шақырту бойынша Талдыапан ауылынан келген аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы қорғаныс істері бөліміне жеттік. Әскери жиын аясында барлық қатысушылар тіркеуден өтіп, әскери форма киіп, сапқа тұрды. Қазіргі таңда барлық жағдай жасалған. Біз жастарға патриоттық тәрбие беріп, еліміздің Қарулы Күштері қатарындағы жаңа жауынгерлік дайындық үлгілерін үйреніп, тәжірибемізбен бөлісу үшін жиналдық. Бұл оқу-жаттығу жиыны – ел қауіпсіздігін нығайтудағы нақты қадам. Жастарға үлгі болар ардагерлердің белсенділігі, ұлтқа деген сүйіспеншілігі ертеңгі мықты мемлекеттің негізі екені анық. Өзім запастағы майормын, мұндай жиын – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік пен абырой, – деді запастағы майор Сұлтанияр Базарғалиев.
- Бүгін – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуда ерекше маңызға ие күндердің бірі. Таңғы сағат 5:00-де Батыс Қазақстан облысының аумақтық бригадасы құрамына шақырылған Казталов және Жәнібек аудандарының запастағы офицерлері мен сержанттары әскери дабыл арқылы жиналып, тез арада сапқа тұрғызылды. Бұл арнайы-тактикалық оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларға дайындықты пысықтау. Оқу-жаттығудың басты міндеті – көршілес елдерде орын алып жатқан жағдайлардың алдын алу, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау. Запастағы офицерлер мен сержанттар осы он күн ішінде ату, инженерлік дайындық және түрлі әскери жаттығулар арқылы бұрынғы тәжірибелерін еске түсіріп, физикалық және тактикалық дайындықтарын шыңдайды. Жиын барысында қатысушыларға барлық жағдай жасалып, арнайы лагерьде әскери тәртіпке сай дайындық жүргізілуде. Бұл шара – ел қорғаны болатын азаматтардың біліктілігін арттырып, болашақ ұрпаққа қауіпсіздік пен бейбіт өмір сүрудің кепілі болмақ, - деді Казталов аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Біржан Баймұханов.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы,
Казталов ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале