Бүгін рухани орталықта аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі мен Жаңақала жалпы орта білім беретін мектебі және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына орай және Отан алдындағы әскери борышын өтеуге аттанғалы тұрған жас сарбаздарға арналған кеш өтті.
Кешке ауданымыздың құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері Айтуған Шарафутдинов, Ғайниет Валиев, Шайдолла Тілеубергенов, ауған соғысының ардагері Самат Шаутенов, төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Тұрарбек Апақаев, ҚР қарулы күштер ардагері, запастағы подполковник Абай Габдуллин, аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімінің жасақтау бөлімшесінің басшысы, аға сержант Жоламан Абдрахманов және мектеп оқушылары қатысты. Қазақтың қайсар қызы М.Мәметованы бір минут үнсіздікпен еске алып, Ұлы Отан соғысында батырлығымен көзге түскен қаһарман қыздың өмірбаяны мен ерліктері баяндалды. Одан әрі Талғат Бисенғалиев «Қазақтың қыздары» әнін шырқады.
Кеш қонақтары Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген қатардағы жауынгер Баубек Махмудов пен әскерге аттанғалы тұрған Раниль Шафхатовқа ағалық ақыл-кеңестерін айтып, Отан алдындағы борышын өтеп, туған жерге аман-есен оралуына тілектестіктерін білдірді. Содан соң Баубек Махмудовқа аға сержант Ж.Абдрахманов Жаңақала аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімі басшысы, майор Ербол Жұмағазиевтің алғысхатын табыстап, естелік қолсағат тарту етті.
Жаңақала ЖОББ мектеп оқушысы Нұргүл Бақытова автоматты жылдамдыққа шашып, қайта құрастыру өнерімен көпшілікті тәнтті етсе, Кеңес Одағының батыры Мәжит Жүнісовтың шөбересі Диляра Табылдиева атасына арнаған арнауын мәнерлеп оқып, көрермен ықыласына бөленді. Сонымен, Кеңес Одағының батыры, пулеметшы Мәншүк Жиенғалиқызына арналған кеш жоғары деңгейде өз мәресіне жетіп, соңында оқушылар кітапхана ұжымының М.Мәметоваға арнап жасақтаған кітап көрмесімен танысты.
Нұргүл Елтайқызы,
Жаңақала ауданы