ҚР Қорғаныс министрлігінің "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Заңына сәйкес азаматтарды биылғы күзгі маусымда әскери қызметке шақыру науқаны басталды.
Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Абат Дүйсембиевтің айтуынша, әскери қызметке шақырушыларды алдын ала іріктеу, әскер бөліміне бөлу жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуіне жете мән беріледі.
– Ағымдағы жылы көктемде 23 адам әскерге шақыртылса, бүгінде олардың саны 128 адамға жетіп отыр. Өткен жылы әр науқанда 140-тай жігіт шақыртылған еді. Әрине, былтырмен салыстырғанда биылғы көрсеткіш төмен. Оның себебі кей жігіттеріміздің денсаулығы әскерге жарамсыз. Көбісінің дене бітімі әлжуаз, енді бірі аяқ-қолы балғадай болса да әскерге баруға құлықсыз.
Еске сала кетерлік жәйт, ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабында көрсетілгендей, әскерге барудан жалтарып, өзінің денсаулығына зиян келтіріп, "аурумын" деп жалған сылтаурату жолымен, жалған құжат жасап немесе өзге де алдау арқылы жасалған әрекеттері үшін жазаланады, – дейді А.Дүйсембиев.
"Баласы атқа қонса, анасы тақымын қысып отырады" деген сөз текке айтылмаса керек, әскерге кетіп, қасиетті борышын адал атқарып жүрген азаматтардың ата-анасына бөлім атынан алғысхаттар да келуде.
Бөлім басшысы А.Дүйсембиев ауылдық округтерге арнайылап барып, ата-аналарына алғысхаттарды табыстады.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz