25.03.2022, 17:00
Оқылды: 82

Әскери міндет – адал қызмет

Отан өз батырларымен бай. Отан алдындағы борышын өтеуге әр азамат міндетті. Қандай заман болса да, Отан қорғау азаматтардың қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматқа санайтын, жүрегінде жалын, бойында күш-жігері бар, кеудесін намыс кернейтін, елі мен халқына адал жан үшін басты міндет – әскери борыш.

d9381896-9b12-417d-9483-e024fff05326

Алайда, бұны борыш деп санамайтын ер азаматтардың қарасы көп. Әскерге бармау үшін сан алуан сылтау айтып, аяқ асты «өтірік» ауырып шыға келеді. Осыдан жігіттердің әскерге деген құлшынысы жоқ екенін байқауға болады. Сондай-ақ, көптеген жас жеткіншектер әскери сабақты жоғары оқу орындарында жүріп-ақ оқып алуға болатынын сөз етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан» деген сөзін елдің тыныштығын күзететін, бес қаруы сай әрбір сап түзеген сарбаз жүрегінде сақтауы керек. Өйткені, елдің қауіпсіздігі, берекесі, тыныштығы осы ел қорғайтын азаматтардың қолында.

36 азаматтың әскерге шақырылуы жоспарлануда

Жәнібек аудандық қорғаныс істері жөніндегі  бөлім бастығы, подполковник Арман Ахонов биыл қысқа мерзімді әскери қызметке 1995-2004 жылдар аралығында туған ер азаматтар шақырылатынын айтады.

-Аудан бойынша көктемде 36 азаматтың әскерге шақырылуы жоспарланып отыр. Әскерге шақыруға тапсырыс ауданда есепте тұрған әскерге шақырылушылар санына байланысты келеді. Мәселен, 2021 жылдың күзінде әскерге  24 шақырылушыға тапсырыс келіп, оның 19-ы әскерге аттанды. Атап айтсақ, Жәнібек ауылынан 9 , Ақоба ауылынан 2, Қамысты ауылынан 3, Талов ауылынан 2, Тау ауылынан 2, Ұзынкөлден 1 адам әскерге жіберілді. Қазіргі таңда халық арасында әскери қызмет мерзімі ұзартылады деген әңгіме бар. Бұл қауесетке сенбеу керек. Елімізде заң жүзінде бір жылдық уақыт берілген, ешқандай өзгеріс болған жоқ. Әскерге шақыру комиссиясының шақырту қағаздары бойынша медициналық куәландыруға келмей жүрген азаматтар аз емес. Бұндай жағдайда жергілікті полиция бөлімімен бірлескен іс-қимыл жоспары бойынша жұмыстанамыз. Учаскелік полиция инспекторларымен бірлескен жұмыстар нәтижесінде әскерге шақырылушылар іздестіріліп шақыру пунктіне жеткізіледі.

Әскерден жалтарғандар жауапкершілікке тартылады

Арман Жәрдемғалиұлының айтуы бойынша, әскерден жалтарған азаматтарға ҚР заңнамаларымен әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер әскерге шақырылушы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің шақыруы бойынша әскери есепке тұруға  дәлелді себепсіз келмейтін болса 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл түріндегі жауапкершілік қарастырылған. Медициналық куәландырудан немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша тексерілуден жалтарған жағдайда ескерту берілуі немесе 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 387-бабына сай әскери қызметтен босатуға заңды негіз болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

  • Кей жағдайда Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы №561- IV «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35-бабы негізінде аудандық әскерге шақыру комиссиясының шешімі бойынша әскерге шақыруды кейінге қалдыруға болады. Мерзімін кейінге қалдыру келесі негіздер бойынша беріледі: отбасы жағдайы бойынша, білімін жалғастыру үшін, денсаулық жағдайы бойынша, басқа да себептер,-дейді подполковник.

Жастар денсаулығын күтпейді

Аудандық аурухананың хирургі Әлімжан Ерсайынов былай дейді: «Халық арасында қазақтар ауру меңдеп, үш күн өткеннен кейін асықпай есік қағады» деген әзіл-шыны аралас пікір бар. Расында жастықпен жігіттер денсаулығына қарамайды. Студент кезінде ауыр жұмыстар істегендер, құрылысқа ерте араласқандар бар. Соның салдарынан варикоцеле, яғни көктамырлардың түйінделіп кеңеюі, геморрой, сколиоз  аурулары жиі кездеседі. Бұған қан қысымы, жүрек ақауы, семіздік немесе салмақ жетіспеушілігін, майтабандылықты қосуға болады. Басқа да диагноздар табылады. Мен медициналық тексеріс нәтижесінде жиі ұшырасатын ауру түрлерін айтып отырмын. Сондықтан жаспын деп денсаулыққа немқұрайлы қарамау керек. Дер кезінде емделіп, аурудың алдын алу қажет».

 

Әскери тәртіп бәріне үйретеді

Ақтау қаласының 25744 әскери-теңіз күштері бөлімінде үш ай бұрын отан алдындағы борышын өтеп келген Решат Ғаллем әскерге шақыру келгенде бірден барғысы келмегенін жасырмады.

  • Әскерге барғанда ештеңе өзгермейді, уақыт босқа өтеді деп ойладым. Ең қызықтысы, әскерге аттанарда қатты толқыдым. Өйткені, ата-анамнан, бауырларымнан аз ғана уақытқа болса да жыраққа кетіп бара жатқанымды ұқтым. Ал әскерге барғанда оянған патриоттық сезімімді жеткізе алмаймын. Себебі, ол жақта өзімді нағыз ер азамат, қорғаушы ретінде сезіндім. Ондағы өмір мүлдем басқа. Үйдегі еркелікті ұмытып, өмірге басқаша қарадым. Қолыма қару ұстаған кезде, күш-жігерім артып, сарбаздар қатарында болғанымды мақтан еттім. Ер азамат кез келген қиындыққа төтеп беру керек. Мұны әскери тәртіп үйретеді. Әскердегі әлімжеттікті естіп, үрейленіп жүрген замандастарыма сенімсіздіктерден арылыңдар дер едім. Өйткені әскери өмір айтарлықтай қорқынышты емес. Есеюге, ерік-жігеріңді сынауға таптырмас мүмкіндік, - дейді Решат.

Әскери тәртіпті көзбен көріп, тіршілігін түйген азамат біршама есейеді. Күн сайын жан-жақтан қару түйреп жатқан жау жоқ. Мамыражай заманда әскерге бару арқылы шынығып, күш пен қайрат жинауға болады. Жастарға ең бірінші ауызбіршілік қажет. Татулық, керек кезде досың үшін жан қию әскери заңдылықтардан бастау алатыны сөзсіз.

 

Мадина Сағындық,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале