25.04.2024, 20:13
Оқылды: 92

Әскерилерге Теректі ауданы халқы риза болды

Теректі ауданы халқы бір айдай тасқын сумен күресті. Қар ерігенде бір, өзен-көлде мұз көбесі сөгілгенде екінші мәрте ауыл-жайды су басты. Сын сағатта теректіліктерге өз өңірімізден ғана емес, алыс облыстардан да көмек келді.

image-25-04-24-06-23-3

Талдықорғаннан №18404, Қызылорда облысынан №66597, іргелес Ақтөбе облысынан №20982 әскери бөлімдер сарбаздары келіп, бөгет салу, адам құтқаруда тік тұрып қызмет етті.

Судан келер қауіптің беті қайтып, әскерилер өз бөлімдеріне оралар сәтте аудан халқы ризашылығын білдірді. Салтанатты жиынға аудан басшысы Әлия Мұханбетжанова, БҚО еңбек инспекциясы басқармасынын бастығы Аслан Досжанов, облыстық әуе десантшылар әскери ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марлен Иманғалиев арнайы қатысты.

image-25-04-24-06-23-11

Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Әлия Биғазықызы :

- Құрметті жауынгерлер! Қиын уақытта ауданымызға келіп, көмек көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта тек сіздердің отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын,- деп тілегін білдірді. Сонымен қоса №20982 әскери бөлім командирі Ертөстік Есенгелдіұлы, №18404 әскери бөлім командирі Әсет Зейноллаұлы және №66597 бөлім командиріне, бөлімше командирлеріне алғысхат табыстады.

image-25-04-24-06-23-1

Облыстық әуе десантшылары әскери ардагерлері қоғамдық бірлестігінін төрағасы Марлен Ығылманұлы да «Елімізге төңген қауіп-қатерде өздеріңіздің үй-жайларыңызды тастап, көмекке келгендеріңізге мың алғыс. Аудан халқы төккен терлеріңізге зор ризашылықтарын білдіріп жатыр. Тасқынға қарсы тұру кезінде десантышылармен бірнеше мәрте кездестік. Жасаған жұмыстарын көрдік. Сіздерді қазіргі күннің батыры десек, қателеспейміз» деп, алғысын айтты. Сайдың тасындай, дене бітімі ширақ десантшылар ардагерлермен бірлесе рухты ән шырқады.

Подстепный ауылдық округі тұрғындары атынан сөз сөйлеген Вера Семеновна:

- Сіздерге қиын болғанын біз білеміз. Мықтысыздар. Өз қызметтеріңізді жақсы атқардыңыздар,- деді.

image-25-04-24-06-23-13

Сарбаздарды шығарып салу салтанатында өнерпаздар Кәмшат Қадырғалиева, Айнұр Қуанышқалиева, Эльдар Сатқанов, Аңсар Сағиев ән шырқады. Тұрғындар қиын күндерде демеу болған жігіттермен естелік суретке түсіп, қимай қоштасты.

Жауһар Нұрым,

Теректі ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале