13.03.2024, 16:30
Оқылды: 47

«Аспапта ойнау үлкен дайындықты талап етеді»

Әр халықтың өзіндік дәстүрі мен тарихын баяндайтын ұлттық аспаптары бар. Біздің халқымызда да ұлттық аспап жетерлік. Олар уақыт өте келе жетілдіріліп, өзгеріп отырады. Дыбыс шығаруына қарай аспаптар үрлемелі, шекті ысқылы, шертпелі, соқпалы және қазіргі заманда қолданылатын электрлі музыкалық аспаптар болып бөлінеді. Ал бүгінгі мақаламыз үрлемелі аспапқа жататын флейта туралы.

НАРИНА (4)

Флейта Азия жерінде пайда болып, кейіннен Еуропаға тараған. Ағаштан немесе жезден жасалатын бұл аспап 15-17 ғасырда әбден жетілген. Оның кіші флейта (ф-пикколо), флейта-альт, флейта-бас, үлкен флейта деген түрлері бар. Флейта симфониялық, джаз, әскери үрлемелі оркестрде де қолданылады. Сондай-ақ жеке де ойналады.

Біздің Бөрлі ауданында да флейтада ойнауды үйрететін үйірме бар екен. Мысалы, аудандық балалар музыка мектебінде Сұлушаш Әбілкәрімова оқытатын флейта сыныбы бар. Сұлушаш Оңғарбайқызының шәкірттері қазіргі таңда көптеген облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы мен жүлдегерлері. Мысалы, Екатерина Скородумова облыстық «Жас музыкант» байқауында бас жүлде, Диляра Ақтаубаева халықаралық «Астана - Мерей» байқауында ІІІ орын, және де Нүрия Қолпақова, Іңкәр Бисенғали, Камила Рамазанова, Данара Өтешева, Гүлназ Зимовалар республикалық байқауларда жүлделі орын иеленіп жүр.

НАРИНА (5)

Биыл ақпан айында «Дарын» қосымша білім орталығының ұйымдастыруымен ішекті-ысқылы, үрлемелі және соқпалы аспапта ойнайтын жас музыканттар арасында өткен байқаудың облыстық кезеңі қашықтан өткізілген болатын. Осы жарыста флейта аспабының кіші тобы бойынша аудандық балалар музыка мектебінің оқушысы Нарина Байжанова І орынға ие болды. Нарина да Сұлушаш Оңғарбайқызының шәкірті.

НАРИНА (6)

Қазіргі уақытта Нарина қаладағы №6 мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы. Ол бұл аспапқа апасы Сивараның ықпалымен келген. Себебі Сивара да Сұлушаш Оңғарбайқызының сыныбында 6 жыл оқып, білім алған шәкірттерінің бірі. Нарина апасы ойнап жүрген флейтаның үнін ұнатып, өзі де осы аспапта ойнағысы келіп, үйрену үшін келген екен. Осы жылдың қаңтар айында ол Ю.Должиков атындағы халықаралық жезден жасалған аспаптар байқауына қатысып, ІІІ дәрежелі лауреат атанған. Жарыс барысында оның концертмейстері Роза Хамитова болды.

Сегіз қырлы, бір сырлы Нарина флейтамен қатар фортепиано сыныбында оқып, вокалдық хорда ән салады. Қазір ол флейта аспабының екінші сыныбында оқиды.

НАРИНА

 - Мен балалар музыка мектебінде 8 жылдан бері жасаймын. Мектепте бұл аспаптың 5-7 жастағы балаларға арналған блок және классикалық флейта деген тек екі түрі үйретіледі. Бұл аспапта ойнау үлкен дайындықты талап етеді. Әр аспапты үйренудің өзіндік қиын тұстары болады. Флейтада ойнаудағы басты қиындық дұрыс тыныс алуда. Дұрыс дем алған кезде ғана ноталар таза шығады. Флейтаның емдік пайдасы да дәлелденген. Бұл аспапта ойнау өкпе аурулары, демікпе және аллергиямен күресуге көмектеседі. Екінші сыныптан бастап орындаушының қасына концертмейстер беріледі. Қазіргі уақытта жарыстарда оқушылардың концертмейстері Роза Сахитқызы. Кез келген байқауға қатысу әр балаға қиынға соғады. Себебі бұл дайындық пен үлкен тәжірибені талап етеді. Нарина классикалық флейтада ойнайды. Қазір Нарина да жарыстарға қатысып жүр. Нәтижесі де жаман емес. Кез келген байқау алдында көп дайындаламыз. Соның арқасында жүлделі орындар иеленіп жүр. Шәкірттерімнің осындай деңгейде өздерін көрсетіп жүргеніне мен қуаныштымын және оларды мақтан тұтамын, - дейді балалар музыка мектебінің флейта аспабының оқытушысы Сұлушаш Оңғарбайқызы.

Айдана Абдрахманова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале