Бүгін Зеленов ауданы Көшім округіне қарасты Өркен ауылында БҚО халқы Ассамблеясының бастамасымен «Достық» саябағы ашылды. Маңызы зор шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, игі бастамаға сәттілік тіледі.
– Қоғамның берекелі бірлігіне әрдайым ұйытқы болып, игі бастамаларды іске асырып жүретін Ассамблея ұжымы биыл Зеленов ауданының шалғай жатқан Өркен ауылына осындай сый жасауды ұйғарды. Ассамблеяның ХХVI сессиясы қарсаңында халық игілігіне ұсынылған саябақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында іске асты. Жобаға қазынадан ешқандай қаражат бөлінген жоқ, барлық шығынды Ассамблея мүшелері теңдей бөлісіп, қолдау білдірді. Саябақты гүлзармен көмкеру мақсатында алдымен 40 см қалыңдықта қара топырақ төгіліп, жаяу жүргіншілерге арналып өрнектас төселді. Ауыл тұрғындарының мәдени демалуына барлық жағдай жасалған баққа алма, шие сынды жеміс ағаштары мен көктерек көшеттері, барлығы 340 түп отырғызылып, түрлі гүл егілді. Өскіндерді суару үшін жерқұдық соғылып, сусорғы орнатылды. Әдемі қоршалған саябаққа БҚО халқы Ассамблеясы құрамына енетін барлық 16 этно-мәдени орталық мүшелері бірігіп 10 млн-нан астам қаржы салды. Бұл - БҚО халқы Ассамблеясы қолға алған екінші жоба. Өткен жылы дәл осындай саябақ Қазталов ауданында жасалып, 260 түп көшет егілген еді, - деген БҚО халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов өркендіктердің ұйымшылдық танытып, саябаққа жанашырлықпен қарайтындығына сенім білдірді.
– Ауылымызға рухани жаңғырудың жаңа лебі келіп, қуанудамыз. Ауыл ажарын аша түскен саябақ жұмысына 80 түтінді елді мекеннің 400-ден астам халқы түгелге жуық атсалысуда. Сонымен қатар, бүгін облыстан Ассамблея өкілдері келіп, бір үйдің баласындай жұмылуда. Көрген көз сүйсінетін тамаша көрініс елдегі бекем бірліктің, өзара түсіністік пен сыйластықтың арқасы. Шағын ауылымызда өз алдына мәдениет ошағы болмағасын үлкен-кіші, жастар мерекеде мектепте бас қосатын. Енді Ассамблея сыйға тартқан саябақ ауылдың мәдени орталығына айналмақ. Жайқалаған теректің саясында, жеміс иісі аңқыған ауамен тыныстап, замандастармен шүйіркелесіп отыратын жайлы орын үшін ауыл халқы атынан алғыс білдіремін. Үлкендердің алдынан кесе өтпейтін ауыл жастарының әр көшетке көңіл бөліп, бақты гүлдендіруіне ауыл ақсақалдары ақылшы боламыз, - деген еңбек ардагері Мәжит Ибрашев бірлігінен ажырамаған халқымыздың амандығын тіледі.
Нұржан Дүзбатыр,
Зеленов ауданы