3.07.2020, 16:35
Оқылды: 50

Астана мерекесі қарсаңында Ақжайықтың 4 ауылына ауыз су келді

Ақжайық ауданының биыл 6 бірдей елді мекеніне «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ауыз су құбырлары тартылуда. Ел астанасының мерекесі қарсаңында Базартөбе, Қадырқұл, Қызылжар  мен Кеңсуат ауылдарының тұрғындары ауыз судың игілігін көрсе, жыл соңына дейін Жамбыл мен Битілеу ауылдарында бұл жұмыстар аяқталады деп күтілуде.

472E45A9-11C7-4DBC-B6CA-59418CC4B5CA

2000-ға тарта тұрғыны бар Базартөбе ауылдық округіне қарасты Базартөбе, Қызылжар мен Қадырқұл тұрғындары осы күнді ерекше қуанышпен күтті. Мұнда былтырдан бастап, су құбырларын тарту жұмыстары басталған болатын. Осы үш елдімекен бойынша ұзындығы 70 шақырым су құбырлары тартылып, барлық әлеуметтік нысан мен  баспаналарға таза су жеткізілді. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 659 млн. теңге бөлінген. Мұнда облысымыздың бірқатар өңірлерінде су жеткізу жөнінде мол тәжірибе жинақтаған «ПМК-117» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеді. Жерасты су көзі 27 метр тереңдіктен табылып, ауызсу сынақтан өткізілген. Қадырқұл ауылының тұсынан 3 шақырымдай қашықтықтан бес ұңғымадан тартылған судың дебеті секундына 2 литр. Әр ауылдың тұсына су резервуарлары орнатылған. Құрылысшылардың айтуынша, судың мөлшері үш ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге жетерлік.

7E6EAEC8-EEF6-4CEE-AA55-9E01589E5A5F

Бір қуаныштысы, су құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан елді мекендерде жергілікті жұмыссыздарды қызметке қосу да жөнге қойылған. Осылайша Базартөбеде 35 жұмыссыз маусымдық жұмыспен қамтылды.

Сонымен қатар бүгін Кеңсуат ауылында да былтыр басталған су құбырларын тарту жұмыстары аяқталып, ауылдастардың игілігіне табысталды.

EBA9F173-C599-488F-BEEF-3955358B542C

Айтулы күнмен ауыл тұрғындарын құттықтауға аудан басшысы Қалияр Айтмұхамбетов барды. -Баршаңызды көптен күткен бүгінгі қуанышпен құттықтаймын! Таза ауыз су – денсаулықтың, бақуатты тұрмыстың  кепілі. Ауданымызда бұл бағытта қарымды істер қолға алынуда. Ауыл-еліміз көркейіп, дами берсін,- деді өз сөзінде Қ.Шадиярұлы. Ол құрылысты уақтылы әрі сапалы жүргізген мердігерлер «ПМК-117» ЖШС және «Сәт-Сервис» ЖШС өкілдеріне алғысхат табыстады.

Аудан басшысының айтуынша, бүгінде 31 ауылда ауыз су мәселесі шешілген, яғни тұрғындардың 89, пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр. Мысалы, былтыр Шабдаржап, Томпақ, Жайық елді мекендері жұрты осы жақсылыққа кенелді. Биыл Битілеу және Жамбылға таза ауыз су апару жұмыстары жасалмақ. Сонда аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамту көрсеткіші 93,1 пайызға жетеді деп жоспарлануда.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Азамат Қанапия

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале