Астана қаласында өтетін ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиадасының шешуші кезеңіне жолдама алған Алма Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Айзере Нұрахунова әр өңірден барған жүйріктердің шешуші сайысында үздіктер қатарынан табылып, химия пәнінен жүлделі ІІІ орын иегері атанса, Казталов мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Альмира Ғабитова математика пәнінен ерекше жетістікке қол жеткізіп, арнайы Алғысхатпен марапатталды.
Аталмыш республикалық олимпиада ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың тікелей тапсырмасымен екінші рет өткізіліп отыр. Бұл жолғы айтулы додаға 9-11(12) сыныптар арасынан мыңнан аса оқушы қатысқан екен. Облысымыз бен ауданымыздың және аудандық білім бөлімі мен қос мектеп ұжымының мерейін асқақтатып, ата-аналар мен ұстаздардың абыройын өсірген екі оқушымыздың бүгінгі жеңісі баршамызға қуаныш сыйлауда. Әрине, бұл жеңістің артында қажырлы еңбектің жатқаны айтпаса да түсінікті.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы