Өткен жексенбі күні Бөкей Ордасы аудандық мәдениет үйі алаңында бас қаламыз Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіне қатысуға ниет білдірген жасөспірімдерді шығарып салу салтанаты өтті.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ержан Иманбаев шәкірттерге жол болсын айтып, нұсқауларын тағы бір қайталап, жақсы әсермен оралуларына тілектестігін білдірді. Естіп білуімізше, биылғы жазда осынау көрмені тамашалауға ауданымыздан 213 оқушы бармақ көрінеді. Олардың 12-сінің жол шығынын ата-аналары өз мойындарына алса, 23-іне мұғалімдер кәсіподағы аудандық ұйымы қолдау білдіруде, 6-ауын «АДЖИП Қарашығанақ Б.В.» компаниясы қаржыландырады. Қалған 180-інің сапар ауыртпалығын көтеріп отырған аудан әкімдігі аз қамтылған отбасы, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жалпы, әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасы балаларына жергілікті бюджеттен 8 миллион 814 мың теңге бөлген. Сонымен, алғашқы топта 6 жауапты және 2 медицина қызметкерінің жетекшілігімен 85 оқушы жолға шықты. Көңілдері көтеріңкі ұл-қыздарын шығарып салуға келген ата-аналар да тілектерін жаудырып қана қоймай, ауылда да, қалада да сақтық шараларын естен шығармау қажеттігін ескертіп жатты.
Астана күні қарсаңында сапарға шыққан бөкейліктерге біз де ақ жол тіледік.
Раушан ЖАНАТҚЫЗЫ
Бөкей Ордасы ауданы