Шыңғырлау ауданы Ақбұлақ ауылында ұлттық спорт түрлерінен Батыс Қазақстан облысының чемпионаты өтті. Ерлер арасында «Бес табан», «Асық ату», әйелдер арасында «Бес асық» ойын түрлерінен өткен спорттық шарада Ақжайық, Бөрлі, Сырым, Казталов, Жаңақала, Шыңғырлау аудандарынан іріктелген алты команда бақ сынады.
Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаев, БҚО асық ату федерациясының президенті А.Мырзагереева, аудандық «Аманат партисы» филиялының төрағасы А.Тағаниязов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
Тартысқа толы спорттық шара қорытындысында әйелдер арасындағы «Бес асық» ойыны бойынша І орынды Жаңақала ауданы, ІІ орынды Бөрлі ауданы, ІІІ орынды Казталов ауданы қанжығаласа, ерлер арасындағы «Бес табан» ойынында І орынды Шыңғырлау ауданы, ІІ орынды Бөрлі ауданы, ІІІ орынды Сырым ауданы иеленіп, ұлттық ойынның ерекше үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, Қолқанат Серіков (Жаңақала) «Үздік ойыншы», Мерхан Тажимов (Шыңғырлау) «Үздік жас ойыншы» және осы жолдардың авторы (Шыңғырлау) «Үздік жаттықтырушы» аталымдары бойынша марапатталып, аудан мерейін асқақтатты.
- Бүгінгі шараның өту барысы бөлек. Командалардың бір осалы жоқ. Тыңғылықты дайындықпен келіп, тартысты ойын үлгісін көрсетті. Тағы бір қуантқаны - ауыл азаматтарының ұлттық спортқа ықыласы ерекше екенін аңғардық. Жалпы ұйымдастырушыларға шынайы алғысымызды жеткізгіміз келеді,- дейді шара соңында өз әсерімен бөліскен БҚО асық ату федерациясының президенті Айнұр Мырзагереева.
Шара қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының диплом-медальдарымен және ауыл азаматы Қанат Менжанов атынан кубоктармен марапатталды.
Меирман Мендалиев,
Шыңғырлау ауданы